Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалында "Астана
Арландары" және "Баку Жалындары" командалары ақтық сын
жолдамасын сарапқа салады. Екі ұжым арасындағы алғашқы жекпе-жек 26 сәуір
күні Астанада өтеді. Тартысты кездесу алдында спортшылар дәстүрлі салмақ өлшеу
рәсімінен өтті.
49 келіге дейінге салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіпов Хамза Наметовпен қолғап түйістіреді. Бұған дейін отандасымыз 2 жекпе-жек өткізіп, біреуінде ұтылып,
екіншісінде үздік шыққан. 56 келіде ел намысын Мәди Шолақов қорғайды. Бұған
дейін небәрі бір кездесу өткізіп, жеңіске жеткен Мәдидің қарсыласы Гайрбек
Гермаханов.
64 келіге дейінгі салмақта Асхат Уәлиханов Гайбатулла Гаджиалиевпен
рингке шығады. Асхат осы уақытқа дейін 4 кездесудің үшеуінде үздік шығып,
біреуінде ұтылды. 75 келіде жекелей жарыстың екі дүркін жеңімпазы Сергей
Деревянченко Сұлтан Мигитдиновты сынақтан өткізеді. Ауыр салмақта Василий
Левит Абдулқадыр Абдуллаевпен өзара мықтыны анықтайды.
Бейбіт Есжанов, "Астана Арландары" клубының бапкері:
Әзірбайжан командасын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірінші сезоннан бастап келе жатқан команда. Өте мықты ұжымның бірі. Деңгейі де мықты.
Боксшылары да жаман емес. Жекелей сында жеңімпаздары да бар. Сондықтан ертеңгі
жекпе-жегіміз тартысты өтетін шығар деп ойлаймын. Әрине, біздің жігіттер де, құдайға шүкір, дайын.
"Баку Жалындары" командасының бас бапкері де ойын ортаға салды.
Нурипаша Талибов, "Баку Жалындары" клубының бас бапкері:
Астана командасын таңдандырамыз деп айта алмаймын. Дегенмен, спортшылардың
барлығы жауапкершілікті жақсы түсінеді. Жігіттер кездесуге сақадай сай дайын.
Оның үстіне жеңіске берілетін сыйақының көлемі қомақты. Дегенмен, "Астана Арландары" командасы мықты ұжымдардың бірі. Сондықтан кездесу тартысты
өтетінін білемін.
Бұған дейін "Астана Арландары" және "Баку Жалындары"
командалары өзара 6 мәрте жолықты. 4 кездесуде Нурипаша Талибовтың шәкірттері
үздік шықса, 2 жекпе-жекте отандастарымыздың шоқтығы биік болды. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 3 мамыр күні Баку қаласында өтеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ