Велоспорттан Түркия туры басталды. Бір апта бойы әлемнің
үздік спортшылары жазық және таулы жолдарда өзара мықтыны анықтайды. Дәрежелі
жарыстың бірінші кезеңінде шеберлігімен танылған «Астана» клубының спортшысы - итальяндық Андреа Гуардини мәре сызығын 9-шы болып кесті.
Бельгия мемлекетінде
«Льеж-Бастон-Льеж» бір күндігі мәресіне жетті. Льеж
және Анс қалаларының арасында өткен классикалық жарыста Австралия спортшысы
Саймон Джерранс жеңіске жетті. 263 шақырымнан тұратын жарыс жолын жасыл құрлықтың өкілі 6 сағат 37 минут 43 секундта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт
көрсеткен Испания спортшысы Алехандро Вальверде екінші орынды иеленсе, үшінші
сатыны «Омега Фарма» клубының өкілі Михал Квятковски еншіледі. «Астана»
клубының спортшылары жарысты пелатонның ішінде аяқтады. Жеңімпазға 10 секунд
ұтылып қалған Энрико Гаспоротто 12-ші сатыға табан тіреді. Жарыс басында бас
жүлдеден дәмеленген команда капитаны Винченцо Нибали 30-шы орынға қанағат
тұтты. Мәре сызығына 1 шақырым қалғанда үздік қатарында болған Нибали соңғы
сәтте негізгі қарсыластарын алға шығарып алды. Салдарынан біраз уақыт жоғалтқан «Астана» клубының капитаны жеңімпаздан 51 секундқа қалып
келді.
Футболдан Германия чемпионатының 32-ші тур ойындары болып
өтті. Қола жүлде үшін таласып жатқан «Шальке» командасы күтпеген жерден ұтылды.
Бұл сында Мюнхенгладбах қаласының «Боруссия» клубын қабылдаған Йенс Келлердің
шәкірттері 1:0 қонақтарға жол берді. Чемпиондық атақты алдын ала ұтып алған
«Бавария» командасы ірі есеппен жеңіске жетті. Бұл сында Хосеп Гвардиоланың
шәкірттері «Вердер» футболшыларын 5:2 есебімен тас талқан етті. Ал бұл турдың
орталық кездесуінде «Байер» және Дортмунд қаласының «Боррусия» командалары 2:2
есебімен тең түсті.
Самат ҚАНАҒАТОВ