Русский Сайттың толық нұсқасы

Рудныйда жоғалған 7 жасар қыз әлі табылған жоқ

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2014
  • 877

Рудный қаласында жоғалып кеткен 7 жасар қыз бала әлі табылған жоқ. Үйден ойнап қайтуға шығып оралмаған Виктория Ганя есімді қаршадай қызды полицейлер, қала тұрғындары мен әскери бөлім сарбаздары бүгін төртінші тәулік іздеу үстінде.

Куәгердердің айтуынша, Викторияны бейтаныс еркек белгісіз жаққа жетектеп алып кеткен. Жергілікті полицейлер Виктория құрбысының сөзіне жүгіне отырып құрастырған фотороботты жариялады. Кеншілер қаласын дүр сілкіндірген суық хабар ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Кішкентай қызды іздестіруге тұрғындармен қатар жүздеген колледж шәкірттері, арнайы жасақталған еріктілер тобы жұмылдырылды.

Викторияны іздестіруге өңірдің полицейлері де шұғыл кірісіп кетті. Тіпті арнайы топқа облыстық ішкі істер департаментінің бастығы жетекшілік етуде. Олар қала маңындағы саяжайлар, су ағатын жыралар мен күдік тудыратын нысандарды түгел тінтуде.

Тәртіп сақшылары таратқан ақпарға сәйкес, кішкентай қызды 30-35 жастағы ер адам ұрлап кетуі мүмкін. Өйткені Викторияны қара күрте, көк шалбар киген бейтаныс адам алып бара жатқанын көргендер бар.