Қазақстан Украинадағы жағдайдың
тез арада оңалуына әрдайым тілекші. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрі Ерлан
Ыдырысов мәлімдеді. Сондай-ақ ол Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық
ұйымының Украинадағы жағдайды реттеу жолында маңызды роль атқаратынын атап
өтті. Ведомство басшысы бүгін ұйымның Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті.
Министр өз сөзінде: «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының
Украинадағы жағдайды реттеуде маңызды миссиясы бар. Барлығымыз Женева
келісімдері нәтижесін береді деп үміттенеміз. Осы келіссөздер аясында ұйымға
аса үлкен мән беріледі», - деді. "Ұйым жұмысына қолдау көрсетуге Қазақстан қашанда
әзір екені қуанарлық жайт", - деп бағалаған Ламберто Заньер Еуропа қауіпсіздік
ұйымының Қазақстанға қатысты ұстанымын жеткізді.
Ломберто Заньер, ЕҚЫҰ Бас
хатшысы:
Біз Қазақстанмен жұмыс істеу
әдісін жаңартуды қалаймыз. Мұндағы қызметімізді толықтай жаңғыртуға мүдделіміз.
Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысындағы іс-шаралардың аса маңыздылығын атап өткім
келеді. Атлантикадан Владивостокқа дейінгі аумақта тұрақтылықтың сақталуын
қадағалау басты міндетіміз. Қауіпсіздік шаралары кешенді түрде жүргізілуі үшін
бірлесе қадам жасауымыз қажет.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА