Русский Сайттың толық нұсқасы

KazEOSat-1 Жер серігі ғарыш кеңістігіне ұшырылмады

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 1129

KazEOSat-1 Жер серігі - ғарыш кеңістігіне ұшырылмай қалды. Бүгін Астана уақыты бойынша таңғы сағат 7:35-те Францияның «Куру» ғарыш айлағынан ұшырылуы тиіс Қазақстан спутнигі техникалық себептерге байланысты жерде қалды. Старт ертеңге шегерілді.


Оқиға орнынан 12 мың шақырым қашықтықтағы Астанадан тарихи сәтті тікелей эфирден тамашалауға жиналған көпшілік осылайша көңілсіз тарасты. Жерді қашықтықтан бақылайтын ғарыш құрылғысы Франция мен Қазақстанның өзара келісімі бойынша жасалған. Жобаның жалпы құны 260 млрд еуроға бағаланып отыр.

Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

Ұшыру алдындағы тексерісте зымыранның бір-екі жерлерінде белгісіз хабарлар келді. Сондықтан, ұшырылуды бір тәулікке қалдырды.

Спутник еліміздің ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қорғаныс, мұнай-газ, кен өндірісі салаларының жұмыстарын едәуір жеңілдетеді деп жоспарланған. Ол ғарыш кеңістігінен жер шарының кез келген бөлігіне бейне бақылау жүргізе алады. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мен француздық ғарыш компанияларының мамандары зымыранның жөнделуінен біздің мемлекет қаржылай шығын көрмейді, - деп сендірді.

Даниэль Галиндо, «Airbus Defense & Space» компаниясының жоба меңгерушісі:

«Курудан» бізге хабарлағандай, спутник зымыранынан ақаулар табылған. Алайда ғарыш аппараты жұмысқа қабілетті. Кемшіліктер бүгін жойылып, ұшыру жоспарлағандай ертең болады деп отырмыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ