Русский Сайттың толық нұсқасы

Болашақ заңгерлер үшін пайдалы дәріс өтті

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2014
  • 1396

Болашақ заңгерлер үшін пайдалы дәріс. Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Жастармен кездесу «Болашақ дәрістері» акциясы шеңберінде өтті.

«Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудағы партияның ролі - жалпыға ортақ табыс факторлары» тақырыбындағы дәрістің студенттерге берері мол. Оны тыңдауға магистранттар мен жас оқытушылар да қатысты. Дәрісте Қазақстандағы партия жүйесінің дамуы, тұрақты мемлекет құрудағы «Нұр Отан» партиясының ролі баяндалды.

«Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру факторлары - бірлік пен келісім, білім мен инновация екендігі айтылды. Бауыржан Байбек Еуразия экономикалық одағын құру жайына да тоқтала кетті. "Астанада алдағы күндері маңызды шартқа қол қойылмақ. Бұл еліміз үшін зор мүмкіндіктер кезеңі, қазақстандық бизнесті дамыту жолында үлкен нарыққа жол ашу", - деді.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы форумында жастармен дәрістер өткізу бастамасын қолдаған. 200 ден астам «Болашақ» түлегі академиялық дәрістер жүргізді. 2008 жылдан бастап 50 мыңдай жас маман «Болашақ дәрістеріне» қатысты. Бүгінгі дәрістен жастардың көкейге түйгені мол.

Еркін Еркебекұлы, Қазақ ГЗУ-нің 3 курс студенті, Жоғарғы студенттік кеңес төрағасы:

Бүгінгі дәрістен бір нәрсені түсіндім, мен басқаратын студенттік ұйым мен «Нұр Отан» партиясы атқаратын қызметі бір екендігі. Біз билер кеңесі студенттер арасында болып жатқан мәселелерді талқылап, университет әкімшілігіне, оқытушыларға жеткіземіз, шешу жолдарын қарастырамыз. Ал «Нұр Отан» партиясы халық арасындағы күрделі мәселелерді талқылап, Мәжіліске жеткізіп, шешу жолдарын қарастырып, халыққа жариялайды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА