Русский Сайттың толық нұсқасы

«ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» компаниясы ресми түрде мәлімдеме таратты

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 1069

«Қашағандағы апатқа қатысымыз жоқ». «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» серіктестігі осылай деп екінші рет үн қатып отыр. Бүгін компанияның баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеме таратты.

«17 сәуірде компания таратқан ақпаратты қаперге алмастан кейбір БАҚ «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» -дың Қашағандағы құбыр ақауына тікелей қатысы бар деген мағынада материалдар жариялауын жалғастыруда. Осы ретте алыпқашты әңгімеге нүкте қою үшін мынаны айтамыз: «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» компаниясының Құрықтағы құбырларды бетондауы оларды сыртқы механикалық ақаулардан қорғау үшін жасалды. Оның үстіне бетон жабынды коррозияға қарсы полипропилен қаптаманың үстінен жүргізілді. Бұл талапқа сай келеді. БАҚ назарын құбырдағы ақау себебін тексерген NCOC мамандарының қорытындысына аударғымыз келеді. Онда "шамадан тыс күш түсуден сульфидтік шытынау орын алды, газдың шығуына осы себеп болды" делінген. Яғни шытынау құбырдың ішінен емес сыртынан болған".

Айта кетейік, былтыр 24 қыркүйекте Қашаған кенішінде жасанды D аралынан «Болашақ» зауытына дейін мұнай мен газды тасымалдауға арналған құбырларда ақау шықты. Әрбір құбырдың ұзындығы шамамен 90 шақырым, диаметрі 28 дюймді құрайды.

Мамандар құбырдағы кемудің басты себебін металлдың жоғары қаттылығынан орын алған қысым әсерінен сульфидтердің шытынауы деп анықтады.

Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісі 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталған. Алайда жер үстіндегі 24 құбырда газ мөлшері азайғандықтан кенішті пайдалану жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жағдай түзелмегендіктен, 9 қазанда мұнай өндірісі біржола тоқтатылды. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА