Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда тағы да жарылыс болып, 3 полицей қаза тапты

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2016
  • 1130

Түркияда тағы да теракт. Бұл жолы ланкестік әрекеттен 3 полицей қаза тауып, 45 адам ауыр жараланған. Қайғылы оқиға елдің шығысындағы Диярбақыр қаласында полиция учаскесінің ауласында болды. Көлікке қойылған бомба сол маңнан сақшылар отырған автобус өтіп бара жатқанда жарылған. Зардап шеккендер қатарында 33 тұрғын бар. Олар полиция учаскесінің жанындағы шайханада отырған кісілер екен.

Әзірге жарылысты ешқандай ұйым мойынына алған жоқ. Дегенмен, Түркия басылымдары бұған «Күрд жұмысшылар партиясы» кінәлі болуы мүмкін деп жазып жатыр. Диярбақыр шаһарында осымен 2 рет көлікке бомба қойылып отыр. Қаңтарда болған лаңкестік әрекеттен 5 адам өліп, 36-сы жараланған еді.

Мұндай жағдайдың жиілеуінен Түркияның туризмі қатты құлдырап жатыр. Мәселен, сыртқы рейсі ең көп «Turkish Airlines» әуе компаниясы 2016 жылдың алғашқы тоқсанында 1999 жылдан бері болмаған шығынға батып отыр. Оның көлемі 422 млн доллар шамасында. Биржадағы акциясы да төмендеген. «Borsa Istanbul» саудасында оның индексі 6,8 пайызға дейін түскен.

Құралай ПИОНЕР