Русский Сайттың толық нұсқасы

Дихандар биылғы егін науқанына бөлінген 14 миллиард теңгені ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 776

Фермерлер кеңседегі қағазбастылыққа наразы. Дихандар биылғы егін науқанына бөлінген 14 миллиард теңгені ала алмай отыр. Өйткені Үкімет қаулысы әлі бекітілген жоқ. "Ал бұл уақытта кейбір өңірлер алқаптардағы жұмысын аяқтауға жақын", - дейді фермерлер одағы.

Әуезхан Даринов, «Қазақстан фермерлерінің одағы» РҚБ президенті:

Созылып кетті. Ауыл шаруашылығы министрілігінен сұрасаң, құжат Әділет министрлігінде дейді. Сөйтіп барлық министрліктерді аралап шықпайынша, қаулы бекітілмейді екен. Кешіктіріп жіберді. Оңтүстік егіс науқанын аяқтап қалды. Солтүстік ылғалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал ақша әлі түскен жоқ.

Фермерлер одағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңеске шағымдануға мәжбүр болды. Ұлттық палатаға қарасты ұйым мұндай түйткілдерді тиісті орындарға жеткізуге тырысады. Бүгінге дейін кеңес бес отырыс өткізіп, он жеті мәселе қаралды. Соның он бірі кәсіпкерлер үшін оң шешілген. Кеңес мүшелері мамырда көшпелі жиын өткізуге Шымкентке аттанбақ. Шаһардағы 36 кәсіпорын жергілікті монополист компанияның заңсыз әрекетінен қарашадан бері жұмысқа кірісе алмай, қаңтарылып тұр. Монополист электр энергиясын алдын ала жүз пайыз төлеуге мәжбүрлеген.

Серік Төрегелдин, «Қуатты Қазақстан үшін» азаматтық одағы» ЖК және ЗТБ президенті:

Кәсіпкерлерді сөз жүзінде қолдаймыз дейтін жауапты шенеуніктер анықтауы керек. Қандай қайшылықтар бар. Мұның астарында біреулердің экономикалық мүддесі жатыр ма немесе жемқорлықтың әсері ме?

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ