Русский Сайттың толық нұсқасы

KazEOSat-1 жер серігі ғарышқа ертең ұшырылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2014
  • 1599

KazEOSat-1 жер серігі - ғарышқа ертең ұшырылуы мүмкін. Қазақстан спутнигі Францияның Куру ғарыш айлағынан бүгін Астана уақыты бойынша таңғы сағат 7:35-те ұшырылуы тиіс еді. Бірақ техникалық себептерге байланысты жерде қалды.

Оқиға орнынан 12 мың шақырым қашықтықтағы Астанадан тарихи сәтті тікелей эфирден тамашалауға жиналаған көпшілік осылайша көңілсіз тарасты. Жерді қашықтықтан бақылайтын ғарыш құрылғысы Франция мен Қазақстанның өзара келісімі бойынша жасалған. Жобаның жалпы құны 260 млрд еуроға бағаланып отыр.

Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:

Ұшыру алдындағы тексерісте зымыранның бір-екі жерлерінде белгісіз хабарлар келді. Сондықтан ұшырылу бір тәулікке қалдырылды.

Спутник еліміздің ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қорғаныс, мұнай-газ, кен өндірісі салаларының жұмыстарын едәуір жеңілдетеді деп жоспарланған. Ол ғарыш кеңістігінен жер шарының кез-келген бөлігіне бейне бақылау жүргізе алады. "Қазақстан ғарыш сапары" Ұлттық компаниясы мен француздық ғарыш компанияларының мамандары зымыранның жөнделуінен біздің мемлекет қаржылай шығын көрмейді деп сендірді.

Даниэль Галиндо, "AIRBUS DEFENSE & SPACE" компаниясының жоба меңгерушісі:

Курудан бізге хабарлағандай, спутник зымыранынан ақаулар табылған. Алайда ғарыш апараты жұмысқа қабілетті. Кемшіліктер бүгін жойылып, ұшыру жоспарлағандай ертең болады деп отырмыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ