Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев: Жапония премьер-министрінің Орталық Азияға сапары ұрымтал кездегі ұтымды қадам

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2015
  • 1923

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Ақ Ордадағы салтанатты қабылдау барысында мәртебелі мейман- қос мемлекеттің өзара сауда әріптестік және өзге де ынтымақтастығы күшейетінін мәлімдеді. Келіссөздер нәтижесі бойынша үш бірдей келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Жапония үкіметтері экономиканың көптеген салалары бойынша тәжірибе алмасуды көздейді.  Нұрсұлтан Назарбаев Жапон үкімет басшысы Синдзо Абэні президент резиденциясымен жіті таныстырып, кең сарайдағы әрбір архитектуралық шешімнің сырын ашты. Астанада әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Куракаваның қолтаңбасы қалғанын баса айтқан мемлекет басшысы мұны екі ел арасындағы достықтың нышаны деп бағалады. Осыған дейін Назарбаев пен Абэ халықаралық алаңдарда үш рет кездесіпті. Солардың бірінде Қазақстан басшысынан шақырту алған премьер, Орталық Азияға сапарын Астанада қортындылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан да, Жапония да алып мемлекеттермен көрші орналасқан. Олар-Ресей мен Қытай. Бірақ сіздерде Америка бар, ал бізге Ислам әлемі жақын. Байқасаңыздар қазақтар мен жапондықтардың тағдыры ұқсас.

Нұрсұлтан Назарбаев Синдзо Абэнің Орталық Азияға сапарын ұрымтал кезеңдегі қажетті қадам деді. Бүгінде қазақ-жапон тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен. Қазақстанға құйылған жапон инвестициясының көлемі 5 млрд долларды құрайды. Тараптар осы жолы екі ел арасында стратегиялық әріптестікті кеңейту, ядролық сынақтарды болдырмау және қаржы барлау басқармалары арасындағы хаттамаларға қол қойды. Экономиканың көптеген салалары бойынша тәжірибе алмасу да көзделген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олар атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жоғары технологиялар саласы бойынша. Келіссөздер кезінде инвестициялық секторға баса көңіл бөлінді.

Қазақстандағы болашақ атом электр станциясы құрылысы да сөз болмай қалмады.Бұл ретте Жапон премьері маңызды нысан құрылысына қатысты ниетін білдіруге Астана сапары таптырмас мүмкіндік екенін қалт жібермеуге бел буған сыңайлы.

Синдзо Абэ, Жапония Премьер-министрі:

Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясының құрылысына келетін болсақ, біз жобаны іске асыру тұрғысында арадағы ынтымақтастықты күшейте түсеміз. Бүгін оны нақтыладық.

Келіссөздердің әлі де жүріп жатқаны туралы өткен аптада Энергетика министрлігі мәлімдеген-ді. Екі ел сондай-ақ сирек кездесетін металлдарды барлау, химия өнеркәсібі саласында да тәжірибе алмасады. Нұрсұлтан Назарбаев қолайлы сәтті пайдаланып Жапонияға Қазақстанның логистикалық әлеуетін пайдалануды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қазір Тынық мұхитын Орталық Азия өңірімен байланыстырып, Еуропаға жол аштық. Жапондық бизнес осы жолдарды пайдалануына барлық мүмкіндіктер бар.

Бүгінгі кездесудің тағы бір нәтижесі - Қазақстанның өндіріс саласы мамандарын Жапонияда оқыту, және отандық медицинаны жапондық диагностика сапасына көшіру бойынша келісімдер бар. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ болашақта құны 700 млн долларды құрайтын он біріккен жоба іске асатындығын мәлімдеді. Екі елдің алыс-берісінің өрісін кеңейтетін негізгі стратегиялық әріптестік келісімі қабылданған соң тараптар нақты тетіктерді қазақ-жапон бизнес форумында талқылаймыз деп тарқасты.

 А.АЛДОҢҒАРОВ