Кәсібін келістірген астаналық кәсіпкерлер сан соғып қалды. 4 жыл бұрын 7
іскер "Самал" мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің астыңғы
қабаттарын жекешелендіріп алған. Олардың айтуынша, қызыл суға толы
жертөлелердің әрбірін «Тұрмыс» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ең кемі 60
мың доллардан сатқан. Алайда 2013 жылы «Астана қаласының тұрғын үй инспекциясы
басқармасы» мекемесі кәсіпкерлер мен «Тұрмыс» жасасқан келісімшартты заңсыз деп
тапты. Қазір іс сотта қаралып жатыр.
Совемимо Абиодун Исмаил, кәсіпкер:
Если мой офис заберут, я банкрот. Где я буду
жить? Мою квартиру банк заберет. И май фэмили тоже пострадает. Моей дочери тоже
негде будет жить.
Исмаил осыдан алты жыл бұрын Нигериядан Астанаға көшіп келді. Күнкөріс
қамын ойлап, ағылшын тілін оқыту орталығын ашуды ұйғарды. Өткен жылы мына
жертөледен дайын кеңсе алу үшін пәтері мен кеңсенің өзін банкке кепілдікке
қояды. Алайда екі ай өтпей жатып, жағымсыз хабар жетті дейді. Кәсіпкерден
жертөлені босатуды талап етіпті.
Барар жерім, басар тауым жоқ. Бар ақшамды осыған салдым. Қаңғып кетудің
аз-ақ алдындамын. Елшіге хабарласып, мазасын алған да ыңғайсыз. Күлкілі жағдай
ғой. Өйткені бәрін заңды түрде алдым. Дегенмен басқа амал қалмады. Бар
сұрайтыным - кеңсемді өзімде қалдырсын.
Нұржановтар әулетінің жайы тіптен күрделі. 5 баланың әкесі Дәуреннің
әділдік іздеп сот табалдырығын тоздырып жүргеніне екі жыл болды. Жертөледен
бөлме алу үшін зайыбы екеуі қомақты несие алған.
2011 жылдың наурыз айында Нұржанова Күлжәмила нотариус арқылы «Тұрмыс»
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан жертөле сатып алған. Құжатта әділет
министрлігінің мөрі де бар. Меншікті жекешеленедіріп алған соң, Нұржановтар
қосымша қаражат қажет іздеумен болды. Өйткені жертөле ызалы, қолқаны қабатын
иіс жайлаған жер. "16-қабатқа дейін коммуникацияны түгелімен ауыстырып,
ішін қалыпқа келтірдім", - дейді отағасы. Қазір мұнда 50-ден астам мүмкіндігі
шектеулі жан жұмыс істейді. Егер кәсіпкердің ісі тоқтаса, жұмысшылар да тауып
отырған нанынан айырылады.
Дәурен Нұржанов, кәсіпкер:
Ісімізді дөңгелете бастадық. Мысалы, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс
істейді. Кішігірім тігін цех ашып едік. Кейін қосымша жұмыс орындар ашуды жөн
көріп, полиграфия мен дәріхана аштық.
Кәсіпкерлердің «Астана қаласының тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ -сіне
өкпесі зор. Мекеме жөнді дәлел келтірместен "Тұрмыс" пен 7 кәсіпкер
арасындағы келісімшартты заңсыз деп тапты. Өйткені «Тұрмыс» ЖШС-і қалалық
әкімдікке қарайды. Бірақ серіктестік әкімдікке ескертпей, үйдің астыңғы
қабаттарын сатып жібергенге ұқсайды. Осылайша іс сотқа жетті. Сарыарқа аудандық
сотында кәсіпкерлер жеңіп шықты. Бірақ инспекция қалалық сотқа аппеляция
жазған. Ақыр соңында - кәсіпкерлер ұтылып қалды.
Дәурен Нұржанов, кәсіпкер:
Бізден ақшаны алып, заңды түрде осы жерлерді сатып жіберген серіктестік
ақшамызға қарыздарын жапты. 4 жыл өтіп, кешіріңіздер, мен мына жерлерді сатқан
жоқпын деп отыр.
Кәсіпкерлердің базынасын естіп біз "Тұрмыс" пен тұрғын үй
инспекциясына бардық. Алайда ол жақта ешкім жұмған ауызын ашпады. Есесіне,
"Тұрғын үй инспекциясы" мемлекеттік мекемесі сауалымызға жазбаша
жауап қатты. Онда "Қазіргі уақытта "Тұрмыс" серіктестігі мен
басқармасы арасында сот процесі жалғасып жатқаны" айтылған. Сондықтан жертөле дауының әзір шегі көрінбейді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА