Таразда жетім және аз қамтылған
отбасынан шыққан балаларға арналған өнер студиясы жұмыс істейді. «Мерей» атты
өнер мектебін 23 жастағы Светлана Бойко ашып отыр. Ол «Нұр Отан» партиясының
қазан айында өткен съезінде «Армандар орындалады» атты жобасымен көпшіліктің
ықыласына бөленген. Осы жобасы арқасында «Партияның жаңа 50 тұлғасы» қатарына
енді. Бұл таңдау белсенді жасқа жаңа істі бастауға түрткі болды.
Бұл ұлты орыс, жаны қазақ - Светлана
Бойко. Қазақшасы судай ағып тұрған ол «Армандар орындалады» атты әлеуметтік
жоба жасап, «Мерей» өнер студиясын ашты. Аз қамтылған отбасылардың балалары мен
жетімдерге арналған өнер ошағының жұмыс істеп жатқанына 2 ай болды.
Светлана Бойко, "Армандар орындалады"
жобасының авторы:
Өнер студиясы ақпан айынан бастап
жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта 30-дай оқушы оқиды. Мұғалімдеріміз бар.
Бізде бес мұғалім бар. Сабақ бізде ақылы жүріп жатыр. Болашақта біз тегін оқыту жұмыстарын ұйымдастырамыз деп ойлап отырмын.
Өнер студиясының ыстығына күйіп,
суығына тонып жүргенімен, Светлана мектепті басқару ісін музыкадан маманданған
тәжірибелі адамға сеніп тапсырған. Ал оқу ақысы қаладағы өзге музыка
мектептеріне қарағанда 3-4 есеге арзан. Балалар аптасына 3 мәрте саз сабағын
оқиды.
Мінекей музыканың майын ішкен
мамандар мен секілді әуесқой үйренем деушілерге осылайша домбырадан сабақ
береді. Домбыра дәрісінен бөлек мұнда фортепиано, гитара және эстардалық ән
сыныптары бар. Әзірге әр қайсысында 10 оқушыдан оқытылады. Ал біз жарты
сағатта тағы не үйрендік, тағы бір пысықтап өтейік.
Еліміздің әр аймағынан іскер
жанды 50 тұлға таңдалса, соның бесеуі тараздықтар. Жамбылдық бес үздіктің
алғашқысы болып жобасын жүзеге асырған Светлана болды.
Осылайша, Светлана өзінің
жарқын жобасын жасап, жас жеткіншіктер өнеріне жанашырлық танытып отыр.
Ұзын саны 200 балаға дейін қабылдауға қауқарлы өнер студиясы алдағы уақытта
ақысыз оқыту жолын қарастырмақ.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ