Русский Сайттың толық нұсқасы

Саусақпен санарлық өкілі бар ұлыстар - талыштар мен ассириялықтар

  • AstanaTV
  • 01 мамыр 2014
  • 1696

Ғаламтордағы ақпаратқа сенсек, жер бетінде 7 миллиардтан астам адам өмір сүреді. Ал нәсіл мен ұлт-ұлысқа бөліп, санақ жүргізу мәселесіне келгенде ғалымдар әлі күнге дейін ортақ шешімге келе алмай жүр. Біреулері 300-ге жуықтайды десе, басқалары жер бетінде мыңнан астам ұлт өкілдері өмір сүреді дейді. Өзге ел былай тұрсын, Қазақстанның өзінде 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Олардың арасында саусақпен санарлық өкілі бар ұлыстарда кездеседі. Талыштар мен ассириялықтар туралы - келесі бейнематериалда. 

Талыштардың өз елі мен туы, ең болмағанда автономиялық мекені де жоқтығын Руслан Тағаев өкінішпен айтады. Бірнеше ғасырдан бері тарих парақтарында кездескенімен, олар ұлтарақтай жерге зәру. Талыштардың шығу тарихын зерттеген жан да кемде-кем. 19 ғасырдың ғалымдары ирандықтар мен әзірбайжандардың мәдениетін салыстыра келе, талыштардың шыққан жерін анықтауға тырысқан. Оның өзі нақты деректер бере алмады.

Руслан Тағаев:

Талыштардың тілі парсы тобына келеді. Ал мәдениеті әзірбайжанмен ұқсас. Генетикалық тұрғыдан алсақ, ғалымдар финно-угор ұлттары тобына жатқызады.

Талыштардың жер бетіндегі нақты саны әлі күнге дейін беймәлім. Русланның пайымынша, Қазақстанда бірнеше жүздеген талыш өмір сүреді. Ал Ақтауда он шақтысы ғана бар. "Дүние жүзінде жарты миллионға жуық бармыз", - дейді. Дегенмен, ол өзі Маңғыстау жерінде туып-өскендіктен, туған жері - Қазақстан.

Нелли Намрудовна сонау 1950 жылдары Қазақстанға Грузиядан депортацияланған ассириялықтардың бірі. Небәрі 13 жасында «босқын» атанып, бөгде елге келсем де, жайсаң қазақ бізді жетімсіреткен жоқ дейді қария.

Нелли Бит-Сулейман:

Біз Грузиядан 6 эшалон вагонмен жеткізілдік. Ол кезде біз әлі бала едік. Алғаш қоныстанған жеріміз Алматы облысы Шелек ауданында. Кейіннен Талғарға, содан кейін Алматының өзіне көштік. Бірақ қайда барсақ та, қазақтар бізді жылы қарсы алды. Сондықтан Қазақстаннан көшу туралы ойымыз да жоқ. Бір жақсысы мұнда бірлік пен татулық бар.

Алматыда жоғары білім алып, кейін тұрмыс құрған қария бүгінде екі ұл, төрт немеренің сүйікті әжесі. Ұзақ жылдар ауыл шаруышылығы саласында тынбай еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Бүгінде осындағы жерлестеріне туған тілін тегін оқытып жүр. Ассирия тілінде 22 әріп бар. Оқылу тәрбіті оңнан солға қарай.

Нелли Бит-Сулейман:

Біз Қазақстанға келгенде бала едік, жазу-сызуды білмедік. Кейінен Ираннан бір жолдасымыз келіп, бізге тілді, жазуды үйретті. Сөйтіп мен де жастарды жинап оқып-білгенімді үйретіп келемін.

Ассириялықтар үшін Жаңа жыл - 1 сәуір. Ал 28 тамыз - Құдай ана күні. "Аталған мерекелерді өзіндік салт-дәстүрімен атап өтсек те, халықтар достастығы күні біз үшін ерекші ыстық", - дейді зейнеткер. Өйткені ол ынтымақ, бірлік күні бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керектігін дәріптейтін мереке деп бағалайды.

Мансұр ЕСҚОЖИН