Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінің тұрғыны Жұмабек Сарсембаевтың үйі сағаттардың мұражайына айналған

  • AstanaTV
  • 01 мамыр 2014
  • 1420

Тобыл өңірінің тұрғыны Жұмабек Сарсембаевтың үйі екі жылдың ішінде сан-алуан сағаттардың мұражайына айналған. Қырық жыл бойы ұстаздық еткен ел ағасы жинаған колекциясын ұрпағына мирас етіп қалдырмақ. Қазірдің өзінде төрт жүзге жуық ескі сағаты бар. Оның 80%-ын жөндеп, іске жаратып қойыпты. 

Нақты уақыттан хабар беріп тұратын мына сағат осыдан бір жыл бұрын мүлдем жарамсыз болып, ешкімге керексіз болып қалған. Шебердің қолына түскен көне бұйым дереу жөнделіп, қабырғаға ілініпті. Қазір мүлтіксіз сыртылдап тұр.

Жұмабек Сарсембаев, коллекционер:

Біріншіден, сағаттарды жөндеу маған қызық көрінді. Ал екіншіден, немере-шөберелерім өсіп келеді. Соларға ескерткіш ретінде қалдырсам деп жасаған әрекетім ғой.

Таран ауданына қарасты Асенкритов ауылының тұрғыны ескі сағаттарды жинауды екі жыл бұрын бастаған екен. Осы уақыт аралығында төрт жүзге жуық сан түрлі сағат табылыпты. Олардың 80 пайызы жөнделіп, қазір жүріп тұр. Жұмабек ағай кейбіреуін сұрап алса, енді бірін сатып алғанын айтады. Ауылдастары да қол ұшын беріп, істен шыққан заттарды жинауға көмек көрсетеді.

Алексей Сачавский:

Әуелден-ақ көмектесе бастадық. Бірге аудан орталығына барып, үйлерді аралап ескі сағаттарды жинадық.

Жұмабек ағайдың жинаған сағаттары сан-алуан. Қол сағатынан бастап қабырғаға ілінетіннің түр-түрі бар. Көне дүниенің көбісі кеңес дәуіріне жатады. Басым бөлігі алпысыншы-жетпісінші жылдары шығарылған.

Жұмабек Сарсембаев, коллекционер:

1951 жылғы ең ескісі. Бұлардың шынысы қызыл. Ал мынау күнге күйіп, сарғайып кеткен. Бұндайдың қызылы да бар. Оны қазір көресіздер. Ол бірақ бұдан кейін шығарылған.

Ұлағатты ұстаз бос уақытында сағат жөндеумен және оны жинаумен шұғылданады. Өйткені күн сайын көне жәдігерлер қатары толығуда. Ауыл, аудан, тіпті басқа облыста тұратын туған туыстары көне сағаттарды жіберіп жатқан көрінеді. Ал зейнеткер оның бәрін қалпына келтіріп, артына ұрпағына қалдырмақ.

Заңғар САНАЙ