Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында поезд вагондары рельстен шығып кетті

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2014
  • 1746

Темір жолда тағы да төтенше жағдай. Бұл жолы Шымкент қаласы аумағында жүк пойызы жолдан шығып, 29 вагон аударылып кетті. Салдарынан жергілікті тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялауға тура келді. Өйткені аударылған вагондардың бірнешеуіне күкірт қышқылы тиелген. Оқиға орнында болған біздің тілшілеріміз адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады.

Оқыс оқиға Көкбұлақ ауылы маңында болған. Шу стансасынан Арыс қаласын бетке алған 58 тіркемесі бар отарба кенеттен рельстен шығып кеткен. Соққының қатты болғаны соншалық, вагондар үсті-үстіне мінгесіп жатыр. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Белгілісі, жүк вагондарына негізінен құрылыс заттары мен астық тиелген. Ең қиыны, аударылған вагондардың сегізіне күкірт қышқылы толтырылған екен. Оның үш цистернасына айтарлықтай зақым келді, - дейді мамандар. Бұл аумақ тұрғын үйлерден бар болғаны жүз метрдей ғана қашық. Күкірт қышқылының күлімсі иісі мүңкіп жатыр. Сондықтан 500 метр аумаққа дейінгі тұрғындар түгелімен қауіпсіз жерге көшірілді.

Апат орнында қалпына келтіру жұмыстары кешегі кештен бері жүріп жатыр. Теміржолшылар шойын жолды толықтай іске қосуға кемі 12-15 сағат уақыт қажеттігін айтты. Төтенше оқиға салдарынан халықаралық маңызға ие күре жолда ондаған пойыз жолынан қалды. Апат аумағы қоршалып, залалсыздандыру жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Сәкен Қаныбеков
, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Бәрі төбесі толығымен жабылады. Одан кейін ешқандай иісі де болмайды. Оны әрі қарай оны қай жақа апаратыны қазіргі уақытта шешіп жатырмыз. Себебі, оны тек бекітілген жерге апаруға болады. Соған байланысты бұл жұмыстар қазір атқарылып жатыр.
Қазірге апаттың қандай да бір себептен орын алғаны? Оны қазір ешкім айта алмайды. Себебі, оның бәрін анықтайтын өз комиссиясы бар. Анықталған кезінде бәрі айтылады.

Айта өтейік, бұған дейін темір жолдағы ірі апат өткен айда Атырау облысында болған еді. Ол кезде жолаушылар пойызы жолдан шығып кетіп, 7 вагон аударылып қалған болатын. Пойызда болған 586 жолаушы мен 26 жолсерік аман қалды. Тек 30-ға жуық жолаушы медициналық көмекке жүгінген. Бірақ бұл апаттың да нақты себебі әлі ресми түрде хабарланған жоқ.

Илхам ИБРАГИМ