Шығыс Қазақстандағы кен орнында болған
апатқа қатысты тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл
жайында арнамызға Еңбекті қорғау департаментінің өкілдері
хабарлады.
3-ші мамыр күні «Қазақмыс»
корпорациясына тиесілі Юбилейно-Снегирихинск кен орнында апат болды. 750 метр
тереңдікте топырақ құлап 1 адам қаза тапты, тағы екі жұмысшы жараланды.
Шамамен 40-45 текше метр кен опырылған. Дер кезінде қашып
үлгерген Асхат Садықов пен Данияр Сейсеков түрлі жарақатпен ауруханаға
жеткізілді. Ал Ерболат Сағынтаев оқиға орнында қаза тапты.
Еңбекті қорғау департаментінің
ақпарына сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе «Қазақмыс» корпорациясы қаза
тапқан жұмысшының 10 жылдық еңбекақысын төлеп береді. Бұл шамамен 18 млн теңге. Марқұмның артында әйелі мен 3
баласы қалды.
Айта кетейік, «Қазақмыс»
корпорациясының кеніштерінде оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Өткен жылы 19 апат тіркеліп, 7 жұмысшы жарақат алды. 1 адам
қаза тапты. Ал биыл 8 апат орын алып 6 адам жараланса тағы бірі ажал құшты.
Қайрат Әбілқайыров, ШҚО Еңбекті қорғау департаменті
басшысының орынбасары:
Юбилейно-Снегирихинск кен орнында жазатайым оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары
жүргізіледі. 10 күннің ішінде отбасыларына акт
береміз. Онда не үшін болғаны бәрі жазылады және топтық жазатайымға қатысты
кінәлілерді анықтаймыз.
Қанат ОРАЛБЕК