Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО әкімінің орынбасары мектеп түлектерімен бірге ҰБТ бойынша сынақ тапсырды

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2014
  • 1204

Жалпыға ортақ тестілеу. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мектеп түлектерімен бірге Ұлттық Бірыңғай Тестілеу бойынша сынақ тапсырды. Шенеунікпен бірге әкімдіктің өзге де қызметкерлерінің, ақпарат құралдары өкілдерінің білімі тексерілді. Осылайша оралдық шенділер жауапты сынақ алдында қобалжыған жастарға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге тырысты.

Ал білім басқармасының өкілдері мектеп бітірушілермен бірге білімін сынамақ болған өзге де азаматтардың талабына қарсы емес. Керісінше мұны оң бастама деп есептейді. Білім ұясын бітіргеніне он жылдан асқан шенеунік үшін математика пәні қиынға соғыпты. Сонымен қатар тарих сабағынан да түсінбеушіліктер туындаған.

Бақтияр Мәкен, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Мысалы, Семей ядролық полигоны қай жылы жабылды деген сұрақтар бар. Хиросима-Нагасакиге бомба түскен уақыт қанша жыл болды деген. Сондай-сондай сұрақтар. Жаңағы жылдары бірдей, 1945 жыл. Бірақ уақыттары басқаша. Сондықтан ойланып қаласың шешуге келгенде.

Байқау сынағының қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен едәур жоғары ұпай жинады. Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстанда 4 мың 713 оқушы мектеп бітірсе, оның 3 жарым мыңдайы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. 219 оқушы - "Алтын белгіден" үміткер. Ал былтырғы сынақта бұл облыс білім деңгейі жөнінен Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орыннан көрінген болатын.

Зәуре Ғұмарова, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

Дайындық тестілеуге мектеп басшылары қатысамыз десе, әрине, ерікті түрде қатысуға болады. Жалпы мектептерде мұғалімдердің тарапынан да өздерінің балаларымен бірге білімдерін сынау бағытында тестілеулер жүргізіліп келеді.

Еркін ҚАРИН