Қарағанды облысынан әскери
борышын өтеуге аттанғандар қатары биыл 10%-ға артқан. Кеншілер шахары бүгін
жедел қызмет сарбаздарын әскерге шығарып салды. Жастарға Ұлы Отан соғысы мен
ауған соғысының ардагерлері, облыс басшылығы мен «Астана» аймақтық басқару
командасы ақ жол тіледі.
Мыңнан астам сарбаз әскери-теңіз флоты
қатарына, жаяу әскерге және шекаралық жасаққа аттанады. Дегенмен
қарағандылықтардың басым бөлігі әуе күштерінде азаматтық борышын өтейді. Әскери
міндетке тартылғандар қатарының көбеюін мамандар мемлекеттік қажеттілікпен
түсіндіреді. Қарулы күштерде келісімшарт бойынша қызмет еткісі келетіндер
қатары 25%-ды құраған. Дегенмен Қазақстан әскерінің дені жедел қызмет
сарбаздарынан тұрады.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды
облысының әкімі:
Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт
аспаны мен тыныштығын қорғау сіздердің асқақ борыштарыңыз болмақ. Отан
алдындағы әскери борыштарыңды адал атқаратындарыңа сенімдімін.
Қанат Жетпісбаев, әскерге
шақырылушы:
Отанымды қорғау үшін бара
жатырмын. Борышымды өтеу үшін. Өзі ме де ұнайды әскерде болғаным. Қызмет еткім
келеді армияда.
Салтанатты шығарып салу мерекесі
сый-сияпатсыз болмады. Отан қорғаушылар күніне орай ауған соғысының ардагері,
мүгедек Мейрам Қайырбаевқа облыс басшылығы мен «Астана» аймақтық басқару
командасы жеңіл көлік сыйға тартты. Ауғанстанда мина алқабына тап болған сарбаз
қос аяғынан айырылып қалады. Алайда жанындағы жолдастарын құтқарып үлгерген.
Айта кетерлігі, мүгедек жанға тапсырылған көлік қолмен басқарылады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ