Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей жерінде Өскемен облысы риддерлік жауынгердің сүйегі табылды

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2014
  • 1453

«Ешкім, ешқашан ұмытылмайды». Араға 70 жыл салып, Ресей жерінен қазақстандық жауынгердің мәйіті табылды. Жерлесіміз Санкт-Петербург қаласы маңындағы Синявск төбелерінде 1943 жылы сұрапыл шайқаста қаза тапқан. Шығыс Қазақстаннан қан майданға аттанып, жат жерде ажал құшқан сарбаз жайлы аймақтағы тілшіміз Қанат Оралбек баяндайды.

Виктор Юхневич
, «Малая Охта» іздеу отрядының командирі:

Міне, осы жолмен 1941 жылы неміс әскері Синявск жоталарына шабуыл жасаған. Олардың басымдығы сол, теңіз жазықтығынан 51 метр биіктікте орналасқан. Мынау Невски
й құлашы. Сол кезде біздің әскеріміз 1 шаршы метрге шаққанда 16 адамнан келетін құрамда шайқасқан.

Синявск маңындағы шайқаста 500 мың сарбаз қаза тапты. Олардың арасында сол кездегі Лениногорск, қазіргі Риддер қаласының тумасы Алексей Медведев те бар болатын. Белгісіз жауынгер бейітінен қазба жұмысы барысында жазуы бар гильза табылды. Онда «Алексей Медведев әскер қатарына 1941 жылы Лениногорск қаласынан шақырылды» деп жазылған. Жас сарбаз әскерге 18-нде аттанып, 20 жасында қан майданда қаза тапқан. Сол кезден бері із-түссіз жоғалғандар тізімінде.

Алексей Медведевтің туыстарын іздеуге Риддер қаласының журналистері де ат салысты. Алыс туыстарын тапты да. Бас қосқан олар Отан үшін қыршынынан қиылған жас сарбаздың соңғы шайқасы өткен Синявск жоталарына барып қайтқан. Риддер қаласының мұражайына Алексей атайдың медальдары мен жеке заттары тапсырылды. Жерлесіміз «Ленинградты азат еткені үшін» төс белгісімен марапатталған екен.

Леонид Троценко
, журналист:

Сарбаздар қаза тапқан жерде, окоптың шетінде тұрып көзіме жас алдым. Онда қандай қырғын соғыс пен қан майданның болғанын әлі күнге дейін жатқан гильзалардан-ақ байқауға болады.

Ресейдің арнайы іздеу тобы Алексей қаза тапқан сол күнгі шайқасты да сипаттап берді. 45-ші гвардияшылар дивизиясының жанкештілігін де айналып өтпеді.

Виктор Юхневич
, «Малая Охта» іздеу отрядының командирі:

3 ай бойы бұл жерде қан майдан болды. Сарбаздарды қырды. Мына биіктікке біздің командирлер шыққанда өзгелер сенбеген болатын. Неміс әскері деп ойлаған. Көмек келгенше біздің сарбаздар биіктікті ұстап тұрған.

Александр Новицкий
, «Молодая гвардия» іздеу отрядының командирі:

Сіздермен біз үшін арада өткен 70 жыл тұтас бір тарих. Мүмкін мына касканы киген сарбаз өшпес ерлік жасаған шығар.

Жерлесіміз Алексей Медведев Синявскіде бауырластар зиратына жерленді. Оның жеке заттары 9 мамыр күні Риддердегі мұражайға тапсырылмақ. Сондай-ақ, қала әкімдігі Синявскіде жерлесімізге арнап ескерткіш тақта ашуды жоспарлап отыр.

Қанат ОРАЛБЕК