«Мен көрген әлем - менің шабытты
өмірім». Астанада осындай атаумен 3-ші республикалық көркемсурет байқауы
мәресіне жетті. Оған 11 мен 16 жас аралығындағы балалар үйлерінің интернаттар
мен арнайы коррекциялық мектеп тәрбиеленушілері қатысты. Республиканың әр өңірінен 300-ден астам жұмыс келіп түскен.
Олардың арасында көркемсуреттер мен түрлі әдістермен жасалған сәндік-қолданбалы
өнер бұйымдары бар.
Елордада осы байқаудың жеңімпаздары
арнайы марапатталды. Сондай-ақ, көрме ұйымдастырылып, туындылардың ашық сатылымы
өтті. Одан түскен қаржы жас өнерпаздардың қажеттілігіне жұмсалмақ.
Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты басшысының
орынбасары:
Қабілетті, сурет өнеріне деген
құштары кең балаларды анықтауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде өздерінің болашағын осы сурет өнерімен
байланыстырып, сурет академияларына, өнер академияларына оқуға түскен, мамандық
таңдаған балалар да бар.
Бақытжан Әліпбаев сайысқа алғаш рет
қатысып, жүлдегер атанды. Оның «Қазақстан
мешіттері» және «Махаббат» деп аталатын туындыларын әділ қазылар жоғары
бағалап, бір ауыздан бас жүлдені қанжығасына байлады.
Бақытжан Әліпбаев, Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің
тәрбиеленушісі, Тараз:
Сурет салғанды жақсы көрем,
штрихтағанды. Сосын акварельмен салғанды жақсы
көрем, гуашпен, пастэльмен салғанды жақсы көрем, табиғатқа қарап
отырып. Болашақта университетке түскім келеді осы Астанадағы.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ