Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда пойыз апатынан кейінгі шойын жолдың бір бағыты қалпына келтірілді

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2014
  • 1236

Оңтүстік Қазақстанда пойыз апатынан соң жарамсыз болып қалған шойын жолдың бір бағыты түгелімен қалпына келтірілді. Шымкент темір жолы вокзалының берген ақпарына сенсек, кешелі бері кептеліп, жолда қалған жолаушылар пойызының саны 15. Оның жартысы бүгін түске дейін тиісті бағытын бетке алды.

«Ташкент-Новосібір» бағытындағы жүрдек пойыздың жолаушылары апат салдары жойылып, жол ашылғанша, 15 сағат күтуге мәжбүр болған. Аптап ыстықта «Көкшетау-Қызылорда», «Алматы-Мәскеу» пойыздары да сағаттап кестеден қалды. Қазір апат орнында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Осы оқиғаға байланысты Шымкент көлік прокуратурасы «темір жол қозғалысындағы қауіпсіздікті бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу амалдары басталып кетті. Әзірше апаттың нақты себебі айтылмай отыр.

Нұрлан Темірбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД бас маманы:

Жолдың жұп бөлігі қалпына келтіріліп, қазір онда пойыздар қозғалысы жүріп жатыр. Ал тақ бөлігін күн соңына дейін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Апаттың әзіргі таңда неден болғаны және келтірілген шығынның көлемін Шымкент стансасы желілік ішкі істер басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.

Еске салайық, 58 вагоны бар жүк пойызы кеше кешкісін жолдан тайып, аударылып қалған. Соққының қатты болғаны соншалық 29 вагон бірінің үстіне бірі құлады. Вагондарда құрылыс заттары мен астық тиелген. Мұнан бөлек күкірт қышқылы толтырылған 8 цистерна бар. Соның үшеуіне зақым келді.

Қауіпсіздік үшін жақын маңдағы тұрғындар ағайын туыстарының үйіне уақытша көшірілген. Алайда мал-жанын ойлаған көпшілік баспанасын тастап, жаппай кете қойған жоқ. Қауіпті аймақта заласыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ