Русский Сайттың толық нұсқасы

Отан қорғаушылар күніне орай Астанада қарулы күштердің әскери-техникалық шеруі өтті

  • AstanaTV
  • 07 мамыр 2014
  • 1379

Отан қорғаушылар күніне орай Астанада қарулы-күштеріміздің пәрменін паш еткен әскери-техникалық шеру өтті. Екі айға созылған дайындықтан соң, ауыр техниканың құлағында ойнаған сарбаздар Жоғары Бас қолбасшы алдында әскери әзірліктің жоғары үлгісін көрсетті. Қала қонақтары мен елдегі атқамінерлер тегіс Астана әуесіне көз тігіп, ұшқыштардың көктегі өнеріне тәнті болды. Жұрағат Баманның репортажы.

Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруде қорғаныс саласының мүмкіндігі толық көрсетілді. Алаңнан құрлық әскері қолданатын барлық қуатты техника түрлері жүріп өтті. Сондай-ақ әуе қорғанысын қамтамасыз ететін тікұшақтар мен арнайы ұшақтар самғап, дайындықтарының мінсіз екенін дәлелдеді.

Салтанатты шеру мемлекеттік күзет қызметінің сержанты Ақжолбек Ерболұлының көк туымызды алаңға жеткізуімен басталды. Мұнан соң Қорғаныс министрі Серік Ахметовке шеру қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев әскерилердің мерекелік шеруге әзір екендігін мәлімдеді. Өз кезегінде Қорғаныс министрі Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа парадқа дайындықты баяндады. Салтанатты сапты аралаған Жоғары Бас қолбасшыны әскерилер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы:

Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа, дәуірлерге жалғасқан даңқ жолын, ерлік қасиетін бізге мирас етті. Біздің бүгінгі армиямыз тарихымыздағы батыр бабаларымыздың мұрагері. Қарулы күштеріміз еліміздің құдіретін әйгілеп, айбынын асырады. Сіздер отанымыздың шебі бүтін, шекарасы берік болуына қызмет етесіздер.

Мыңайдар Боранбайұлы,  ҰОС ардагері:

Жеңістен кейін біздің Қазақстанымыз дамып, жеке егеменді Қазақстан болды. Қазақстан алдыңғы қатарлы елдерге қарай ұмтылып жатыр. Енді соған мына жастарымыз бәрі атсалысып, келешек соларда, одан әрі дамыта берсін.

Шеру барысында ұшқыштар көрермендерге Су-27 ұшақтарымен көріністер көрсетіп, түрлі қимылдар жасады. Әсіресе олардың "Бәйтерек" монументін бейнелеген арнайы от шашу тәсілі жұрттың таңданысын тудырды.

Парадта біздерге ең әдемі болғаны - ұшақтар төртке бөлінді, олар шашу шашты, ал соғыс ұшақтарының кемпірқосақ жасағаны ұнады.

Солдаттардың көлікпен жүргендері ұнады. Мен отан қорғаушыларды құттықтаймын.

Сондай-ақ шеруде алғаш рет Evrocopter концернінің жаңа техникалары мен Airbus Military маркалы әскери ұшақтар көрсетілді. Парадқа қатыстырылған әскери техниканың бір бөлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарынан шығарылған болса, қалғандары қайта жаңғыртылып, жетілдірілген.

Амангелді Хасенов,  Ауған соғысының ардагері:

Өте жақсы өтті. Әсері өте мықты. Біздің армияға сенеміз. Осындай әскер күшті болып, егемендігімізді сақтап қалсақ, одан басқа ештеңе керегі жоқ.

Салтанатты шараға үш мыңға жуық әскерилер қатысты. Сондай-ақ 250 дана әскери техника түрлері, 600-ге жуық десанттар мен экипаж мүшелері, 75 дана ұшатын аппараттар көрсетілді. Жалпы шеруге қатысу үшін еліміздің барлық әскери бөлімдері мен гарнизондарынан үздік әскери қызметшілер тартылған.

Жұрағат БАМАН