Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте Жеңіс күніне арналған шеру өтті

  • AstanaTV
  • 09 мамыр 2014
  • 1276

«Мәңгілік даңқ!» Шымкентте Жеңіс күніне арналған шара осындай шерумен басталды. Оған Отан үшін от кешкен майдангерлердің үш мыңдай ұрпағы қатысты.

Қолдарына батыр бабаларының суреті мен есімдері жазылған тақтайша ұстаған топ Қажымұқан стадионынан «Даңқ» мемориалына дейін жаяу жүріп өтті. Мақсат - сүйегі жат жерде қалған аталар мен қан майданда хабарсыз кеткен, сондай-ақ, елге оралғанымен, бүгінгі қуанышты көре алмаған майдангерлердің есімін ұлықтау. Мұндай шеру өңірде алғаш рет өтіп отыр.

Айта кетейік, әрбір төртінші азаматын майданға аттандырған Оңтүстік Қазақстан облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа 145 мың азамат қатысты. Солардың жүз мыңнан астамы туған жеріне оралған жоқ. Ал қарт жауынгерлердің 550-іне ғана Жеңістің 69 жылдығын көзбен көру бұйырды. Шеру соңында "Даңқ" мемориалына гүл шоқтары қойылып, бейбіт күнді жақындатқан батырларға тағзым жасалды.

Қызсұлу Ибрагимова:

Біздің әулетімізде үш кісі барды соғысқа. Біреуі оралды, екеуі оралған жоқ. Әкем соғыстан оралды. Үйлі-жайлы, балалы-шағалы болды. Ал мына екі кісіден бір де бір ұрпақ қалған жоқ.

Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біздің аға буын ерліктің, отансүйгіштіктің, көп ұлтты татулықтың осындай үлкен ерліктің үлгісін көрсетті. Осы біріншіден, осы ерлікке тағзым жасау, ал екіншіден, енді уақыт өткен сайын жаңадан өсіп келе жатқан ұрпаққа осыны жеткізу мақсатында бүгін ұйымдастырылып отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ