Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде ҰОС ардагері соғыс жылдарындағы фотосуреттері мен құжаттарын мұражайға табыстады

  • AstanaTV
  • 09 мамыр 2014
  • 1393

Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагері, гвардиялық катюша минометі отрядының алғашқы қолбасшыларының бірі Хайрулла Бақтыбаев соғыс жылдарындағы фотосуреттері мен құжаттарын мұражайға табыстады. Ауылдан шыққан қаршадай ұлдың соғыс жылдарындағы толағай ерен ерлігі туралы келесі сюжетте толығырақ.

Шығыстан ұшып, шыңға шыққан азаматтар көп. Солардың бірі - небәрі 17 жасында соғысқа аттанған Хайрулла Бақтыбаев. Қарияның айтуынша, қан майдандағы алғашқы әскери тапсырмасы фашисті тірідей қолға түсіріп, кеңес әскерінің штабына жеткізуі болды. Ауылда жылқы бағып, ат құлағында ойнайтын жас жігіт неміс офицерін шалма тастап, арқанмен ұстап алғаш рет көзге түсті. Небәрі 19 жасында әскери полк қолбасшысы атаныпты.

Хайрулла Бақтыбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Мен
бірден шалма салдым. Неміс оратылып қалды. Біз оған немісше «Қозғалма, әйтпесе бірден өлтіреміз» дедік.

Тұтқынға түскен неміс офицерінен жау әскерінің орналасқан жерлері көрсетілген карта табылған. Осы ерлігі үшін Хайрулла Бақтыбаев Қызыл ту орденімен марапатталыпты. Жоғарғы марапатты қолбасшылар бірден жауынгердің ауылдағы әке-шешесіне табыс еткен. Кейін ептілігімен көзге түскен Хайрулла атаны Ташкенттегі әскери училищеге оқуға жіберіпті. Ол жерде білім алып, әскер қатарындағы ең жас катюша минометінің қолбасшысы атанады.

Соғыс жылдарында жас жауынгер Европаның 12 қаласын азат ету шайқасына қатысқан. Әр шайқасы үшін Сталиннің алғыс хатымен марапатталды. Ол жеңіс туралы қуанышты хабарды Австрия жерінде естігенін, ол күннің ешқашан ұмытылмайтынын айтып отыр.

Хайрулла Бақтыбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Командирімізбен офицерлер келіп қаруларыңды өткізіңдер деді. Біз сосын екі күн қыдырдық. Ән-би, музыка дегендей.

Бүгінде Хайрулла Қайырбаев немере-шөбере сүйген ардақты ата. Жас буынға соғыс жылдарындағы жауынгер достарының ерліктерін жыр етуден еш жалыққан емес. Жыл сайын Жеңіс күні өзінің «Катюшасы» тұрған орталық алаңға барып құрбан болған сарбаздардың аруағына тәу етеді. Ардагер биыл да сол әдетінен танған жоқ. Күн санап қатары сиреген ардагерлерді еске түсіріп, көзіне жас алды.

Қанат ОРАЛБЕК