Русский Сайттың толық нұсқасы

Майданнан келген хаттар кітап болып басылды

  • AstanaTV
  • 09 мамыр 2014
  • 2990

Майданнан келген хаттар кітап болып басылды. «Қазыналы Оңтүстік» деген атаумен шыққан көптомдық дүниенің бір томы түгелдей соғыс даласынан жазылған хат-хабарларға арналған. Идея авторы, белгілі ақын Нармахан Бегалиев: "Бұл бала күнімнен жадымда жүрген бастама еді", - дейді.

Нармахан Бегалиев, ақын:

Жесірлердің көз жасын сүрттік. Солармен бірге колхоздың даласында еңбек еттік. Өңкей әйелдердің мұңы-зары, қайғы-қасіреті біздің жүрегімізде біртіндеп жинала бастады дағы, творчестволық ізденіске айналды.

Бастапқыда ақын мұрағаттардан ұрысқа аттанған азаматтарды анықтап, үйлерін аралап хаттарды жинайды. Кейбіреуі, өкінішке орай, құрастырып оқуға да келмейді. Дегенмен, көпшілігі жақсы сақталған. Жинақтау кезінде тосын деректерге кезігеді. Бір әйел қосағын өмір бойы күтіп, о дүниеге аттанарда өсиет қалдырыпты. Ол бойынша ерінен келген хаттар марқұммен бірге көмілген.

Кітапқа жауынгерлердің аман-саулық сұрасқан хаттары мен латын әрпімен жазылған өлеңдері сол қалпында берілген. 25 майдангердің 75-ке жуық жыр шумағы бар. Майданнан келген хаттар хабарсыз кеткен жауынгерлердің қай аумақта соғысып, жерленгені жайлы да мағлұмат береді. 

Хамидолла Тәжиев, «Қазығұрт» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

Әріптері көрінбей қалған жерлері болады. Сондай жерлерде қиындықтар кездеседі. Содан кейін олардың авторлары, яғни жазғандар туралы мәліметтер өте аз болды. Барынша ағалардың ізденулерімен, көптеген еңбектерімен осы нәрсені біз қолдан келгенше кітапқа түсіруге тырыстық.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ