Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі импорт тағамдар түрлеріне тыйым салды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2014
  • 1410

Ресейден шығарылған паштеттен доңыз ДНК-сы табылды. Ал Австралиядан импортталатын сиыр етінен адам денсаулығына қауіпті «тренболон ацетат» гормоны анықталды. Ол адам ағзасына түссе, қан қысымын арттырып, ұйқысын қашырады, жүйке жүйесіне әсер етіп, тіпті шашының түсуіне әкеп соғуы мүмкін.

Бұл деректерді эпидемиолог-мамандар арнайы сараптама нәтижесінде анықтап отыр. Алайда мамандар болсын және осы мәліметті жариялаған Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі болсын, мұндай зерттеулерді жоспарлы түрде жүргізе алмайды. Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий оларға қол байлау. Ал еттердің бір шикілігі барын қарапайым тұтынушы анықтаған. Тағамнан күдіктеніп, сараптамаға апарған.

Әйгерім Садубаева, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің басқарма бастығы:

Тұтынушы келіп, ол өнімдерді сараптамаға берді. Сөйтіп, олардан тренболон мен шошқа ДНК-сы анықталды. Біздің жоспарлы тексерісімізді шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған тыйым қиындатып отыр.

Австралия етін негізінен ірі супермаркеттер мен мейрамханалар алатын көрінеді. Қауіпті ет пен ет өнімдерінің елге кіргізілуіне тиым салынғанымен, ол етті сөрелерден қанша адам сатып алып үлгерді және қаншасы тұтынып үлгерді деген сұрақ - жауапсыз.

Әйгерім Садубаева, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің басқарма бастығы:

Бұл өнімдерді мониторинг жүргізу арқылы нарықтан аламыз. Аймақтарды бас санитардың қаулысы күшіне енгеннен соң, ертеңнен бастап Агенттіктің өңірлік департаменттері тексеруге кіріседі, яғни қауіпті тауар қолданыстан толық алынады.

Мамандар сонымен қатар тағы да сол Ресейден келетін «Чечел» ысталған ірімшігіне және Перу жүзіміне тиым салды. Ірімшік Кедендік одақтың техникалық талаптарына сай болмай шықса, жүзімнің құрамынан көп мөлшерде «метомил» химиялық препараты табылған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ