Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменнің қоғамдық көліктері бүгін жұмысқа шығудан бас тартты

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2014
  • 1067

Өскеменнің қоғамдық көліктері бүгін тағы жұмысқа шығудан бас тартты. Жол жүру құнының қанағаттандырмайтынын осылай білдірді. Күнделікті қала көшелерінде жүргіншілерді тасымалдайтын 320 автобустың 200-і бүгін жолға шықпады. Енді олар күнделікті сағат 10-00 мен 15-00-дің арасында жолаушы тасымалдаудан бас тартатындықтарын айтып, жергілікті әкімдікке хатта жолдаған. Себебі, осы уақыт арасында жүргіншілер аз. Жол шығыны ақталмайды.

Сондай-ақ, жанармай құнының бірден 10 теңгеге көтеріліп кеткендігі де тасымалдаушыларды шығынға батырып тұрған көрінеді. Енді олар жол жүру құнын 60 теңгеден 80 теңгеге көтеруді талап етіп отыр.

Мен зейнет жасына жақындап қалдым. Өмір бойы тынбастан еңбек еттім. Жалақым тым аз. Демек зейнетақым да аз болмақ.

Бәрі қымбаттап жатыр. Жанармай құны өсіп кетті. Қосалқы бөлшектер қымбаттап кетті. Әкімдік жағдайды реттейміз деген, әлі түсініксіз.

Қала әкімдігі болса, көлік күтіп қиналған тұрғындарға жуық арада жағдай шешілетінін айтып, уәде берді.

Айта кетейік, өскемендік жолаушы тасымалдаушылар биылғы жылы осымен екінші рет ереуілдетіп отыр. Жергілікті әкімдік жағдайды реттеуге бұған дейін де уәде берген.

Мақсұт Исахов, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Сағат 3-тен 9-ға дейін 122 автобус тасымалдайды. Біз жағдайды толығымен шешеміз. Сондай-ақ, бұл уақыт аралығында трамвай парктері көмекке келді. Мен ойлаймын, бүгін кешке немесе ертең таңертеңге дейін жағдай шешіледі деп.


Қанат ОРАЛБЕК