Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда өндірістік ошақтардың ортасында қалған үйдің тұрғындары таза ауаға зар

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2014
  • 899

Атырауда өндірістік ошақтардың ортасында қалған үйдің тұрғындары таза ауаға зар. Олар терезелерінің түбінен өтетін ауыр көліктердің шаңынан әбден мезі болған. Геолог селолық округіне қарасты 3 үйдің 48 отбасы базыналырына құлақ асар жан таппай, көлік жолын жауып көрді. Бірақ тұрғындар наразылығына құлақ асқан көлік жүргізушілері жоқ. Керісінше, жиналғандарға қыр көрсетіп, дабылдатып өте берді. Мәселенің мәнісін әріптесім Базаргүл Ізімова анықтады.

Тұрғындар ауыр көліктерді тоқтатамыз деп, өздері астында қала жаздады. Жүргізушілер жиналғандардың сөзін құлаққа ілгісі де жоқ.

Үкіметтің жолы ғой, база бар мына жақта. Жолсыз жермен ала шаң қып жүрсем екен. Базаға баратын жол осы.

Атыраудағы Геолог селолық округінің үш үйі бір кезде Геология министрілігіне қарасты мекеменің жатақханасы болған. 1997 жылдан бастап жекешеленіп, 50-ге жуық отбасының баспанасына айналыпты. Маңы өндіріс нысандарына толы. Бір жағында цемент зауыты, ал бір бетінде темір жол тұйығы арқылы келетін құрылыс материалдарының базасы орналасқан. Көлік өткен сайын онсыз да тозығы жеткен үй сықырлап, ыдыс-аяқтың сыңғыры естіледі. Тіпті іргелерде саңылаулар пайда болған.

Қадиша Аязбаева:

Сағат алты, алты жарымнан бастап үй селкілдеп тұрады. Аяқ-табақ шылдырлайды. Ауа жоқ, мына жақтан бұрқыраған цемент келеді. Машинаның шаңы бар. Сонда қайда барып күнелтеміз? Білмейміз. Балаларды ойната алмаймыз. Тіпті жиенімді қағып кетті, еш көмек көрсетпестен кетіп қалды.

Таза ауаға зәру тұрғындар өзге де проблемаларын тасада қалдырғысы келмеді. Айтуларынша, мұндағылар өз беттерінше газ қондырғыларын орнатып алған. Өйткені, қыста жылу болмапты. Ал ең жақын мектепке жету үшін балалар 2 шақырымға жуық жаяу жүреді. Балаларының денсаулығына алаңдаған халық басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр. Алайда шаһар басшысы Серік Айдарбеков үмітпен күткен көпшіліктің көңілін су сепкендей басқан.

Қымбат Молдағалиева:

Серік Айдарбеков бір автобуспен келіп кетті осында. Үй әлі ондай емес. Тұруға болады дейді.

Селолық округ әкімі де 2020 жылдарға дейін күрелетін үйлердің тізімінде жоқ деп шорт кесті. Таңның атысы, күннің батысы ала шаңға бөленген көліктерді де тоқтата алмайтындарын ашық айтты.

Нұржан Жұмаханов, Геолог селолық округының әкімі:

Бұл жерде көп мекеме шоғырланған. Мекемелер ортасында тұрғаны рас. Ол жерде үлкен техникалар өтуге міндетті, неге десеңіз, өнеркәсіпке баратын жол.

Округ әкімінің айтуынша, баспана апаттылар қатарында болмағандықтан, жөндеу жұмыстарымен тұрғындардың өздері айналысу керек. Бірақ терможаңғыртудан өткізуге пәтерлер иелерінің өздері келіспепті.

Нұржан Жұмаханов, Геолог селолық округының әкімі:

Қала әкімдігі тарапынан модернизация арқылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берілген, бірақ келген тұрғындардың арасынан модернизацияға келіспейміз деген нақты сөздері болды.

Ал үш үйдің халқы қала билігін тым болмаса бір күн осы үйлерге бала-шағасымен тұрып көруге кеңес беріп отыр. Сонда ғана жағдайды түсініп, басқаша шешім қабылдар деген үмітте. Енді олар облыс басшылығына шағымданбақ.

Базаргүл ІЗІМОВА