Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте қатты дауылға орай төтенше жағдай режимі жарияланды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2014
  • 1340

Шымкентте қатты дауылға орай төтенше жағдай режимі жарияланды. Синоптиктердің мәліметі бойынша, алдағы тәулікте жел секундына 28-30 метрге дейін күшеймек. Қатты дауылдан түбірімен жұлынған ағаш зообақ қызметкеріне құлап, әйел сол жерде жан тапсырды. Ең соңғы деректерді өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Марқұм Гүлназ Түленова Шымкент зообағында 25 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ол жыртқыш аңдарды тамақтандырып, күтіп-баптаумен айналысыпты. Бүгін таңертең әдеттегідей жұмысқа ертелетіп келген жұмысшы жыртқыштар бөліміне бара жатқан жолда кенеттен тамырымен жұлынған үйеңкі ағашының астында қалып қойған.

Сейдулла Жұбаев, Шымкент зообағының директоры:

Дәрігерлердің айтуынша, алынған жарақаттарынан тіл тартпай, сол оқиға болған жерде опат болған. Бұл жерде алапат желдің әсері болып жатыр. Төтенше жағдайдың мамандары да келіп көріп жатыр ғой. Қасында болған кісілер айтып жатыр, ағаш құлайтын кезде қатты екпіні келіп сол ағашты құлатты деп немесе құлап жатқан ағашты көріп жатсыздар, көк ағаш, жас ағаш.

Айта кетейік, аймақта бүгін бесінші тәулік қатты жел соғып тұр. Тұрғындарға келіп жатқан зардабы орасан. Электр желілелері қайта-қайта сөніп, бағдаршамдар істен шықты. Бағдаршамдардың бірнешеуі сынған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін өңірде солтүстік-шығыстан секундына 25 метр жылдамдықпен ұйытқи жел соғып тұр.

Нұрболат Дербісов, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы:

Жел жоқ кездегімен салыстырған кезде өрт екі есеге көбейіп жатыр. Облыс көлемінде бүгінгінің өзінде 31 машина шығыны боп жатыр. Бұл өйткені объектілер  жанып жатыр, үйлер жанып жатыр. Барлықтары ток желілерінің тұйықталуынан боп жатыр.

Төтенше жағдай қызметі Шымкентте алдағы екі күнде дүлей дауыл сақталатынын ескертеді.

Әсия Қыдырбаева, «Қазгидромет» РМК ОҚОФ бөлім бастығы:

Дабылды ескерту 13-мен 14-іне бердік. 28 метр жылдамдықпен жел сақталады. 15-інен жел таулы аймақтарда болады.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Ертең 13 мамырдан бастап барлық мекеме жабық, уақытша тоқтатылады. Сквер, парк жабық.


Дауылдан Шымкентте ғана емес, облыс аумағында да ғимараттарға айтарлықтай шығын келіп жатыр. Шатыры ұшқан нысандар бар. Жарықсыз қалды көп мекеме. Қала көшелерінде ағаштар үйлерге құлап, тіпті жүріп келе жатқан автокөліктерді де басып қалған жағдай тіркелді. Осыған орай қалалық әкімдік төтенше жағдай жариялады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ