Русский Сайттың толық нұсқасы

Әуежайларда шай бағасы арзандауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2016
  • 1976

Келесі жылдан бастап әуежайларда шай мен тіскебасар бағасы арзандауы мүмкін. Бірінші қаңтардан бастап монополияға қарсы комитет бағаны өзі белгілейтін болады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәжіліс отырысында мәлімдеді. Бұған дейін әуежайдағы қызметтердің құнын нарық реттейтін. Ал ондағы «тіскебасар» тағамдардың бағасы удай екені талай айтылды. Мұны депутаттар да байқапты.

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Бүгінде әуежайда бір кесе шай 450 теңге тұрады. Жолаушыларда таңдау болған жағдайда ғана, сіздер бағаны реттемеуге құқылысыздар. Яғни тағы басқа жеке әуежай жұмыс істесе. Көріп тұрғандай, дәмханалардың өзі бағаны келісіп алып қояды. Ал жолаушылардың басқа баратын жері жоқ. Амалсыз жалғыз әуежайдың қызметіне жүгінеді.

Дегенмен шілдеден бастап халықаралық бағыттар бойынша 13 қызметтің тарифін әуежайлар өздері белгілейді. Бұған девальвациядан кейінгі жағдай әсер еткен. Қызмет құны долларға шаққанда тым арзан. Ал әуежайлардың тозығы жеткен. ИКАО-ның сынағынан өтпей қалу қауіпі бар. Инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша табыс қажет, дейді комитет басшысы. Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Алматы мен Астана әуежайларынан басқасы шығынмен жұмыс істейді. Жолаушылар легі кейде ғана 300 мыңнан асатын көрінеді.

Серік Жұманғарин, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау комитетінің төрағасы:

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әуежайларда бағаны реттеу саясатының орнына монополияға қарсы бақылау ережесі енгізіледі. Демек, тұтынушылар шағым түсірсе, шығып жазалай бастаймыз. Ал 1 шілдедін бастап халықаралық қызметтерді бақылаудан босатамыз. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ