Павлодар облысында жатыр обырына қарсы
жасалған егуден кейін ауруханаға түскен оқушы қыздарға вакцина суық күйінде
салынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы
дерегіне сенсек, медбике екпені тоңазытқыштан шығарған бойы, жылытпай қыздарға
салған. Бұл жайында арнайы брифингте айтылды. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша,
кез келген ерітінді салқын болса, ол бірден реакция береді.
Нұрлан Қасымов, Павлодар облыстық Денсаулық сақтау
басқармасының басшысы:
Біздің Майқайындағы әріптестеріміз аяқ-астынан мұндай реакция болғанға
шошып қалған. Абыржыған олар балаларға бірінен
соң бірі барлық тыныштандырғыш, ауыруды басатын дәрілерді еге берген. Ақырында
қыздарды ұйықтатып тастаған. Сосын, есінен таңған күйінде Екібастұзға
жеткізген.
Алайда, аймақтың бас дәрігерінің бұл
мәлімдемесін үш күндей ес-түссіз жатқан екі қыздың ата-анасы біздің тілшілерден
естігендерін айтты. Сөздеріне сенсек, бүгінге
дейін бауыр еті балаларын «қозғалыссыз күйге» түсірген жағдайдың мән-жайын
нақты білмейді. Дәрігерлер тек болжамдармен шектелуде дейді, -
ауруханадан бір-ақ шыққан Әдел Макарованың анасы.
Лаура Байтокина:
Вакцинаның суық күйінде болғанын сіздерден естіп отырмын. Бізбен ешқандай дәрігер ол жайында сөйлескен жоқ. Денсаулық
жөнінде айтсақ, бала кішкене әлсіреп қалған. Бастың дәрісін ішпесе, жүре
алмаймыз.
Еске салсақ, өткен жылдың қазанында
еліміздің төрт өңірінде папилома вирусына қарсы екпе егу науқаны жүргізілген
болатын. Алғашқы күні-ақ Павлодар облысында
вакцина салғаннан соң екі қыз мұрттай ұшты. Жан сақтау бөлімінен бір-ақ
шыққан 6-шы сыныптың оқушылары үш күні бойы ес-түссіз жатқан болатын. Мамандар
оларға анафиликтикалық шок диагнозын қойған еді.
Осыдан соң аталған екпеге шектеу
қойылды. Бірақ желтоқсан айында жатыр аталған
вакцинаны қолдануға болады деген шешіммен қайта қабылданып, 11-12 жастағы қыз
балаларға екпе жасауға рұқсат етілген.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ