Қазақстан көршілес Ресейдің
қаржылық және экономикалық жаңалықтарын жіті қадағалап, бағалап отыр. Ұлттық
банк төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде
Ресейге қарсы қатаңдатылуы мүмкін санкцияларға қатысты еліміз тарапынан алаңдаушылық
барын жасырмады.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Сіздер қазақстандық
импортттың 36 пайыз үлесі Ресейден екенін, отандық экспорттың 7 пайызы ресейлік
нарыққа шығатынын білесіздер. Соңғы кездері табыс көлемінің кемуі
байқалады. Сондықтан биыл Ресей
экономикасының өсімі нөлден аспауы әбден мүмкін. Біз үшін бұл жағымды жаңалық
емес. Өйткені екі ел экономикасы өте тығыз байланыста. Біз енді еліміздегі
экономикалық өсім мен инфлянция барысын бақылап, тепе-теңдік ұстау жолдарын қарастырамыз.
Ал Қазақстандағы инфляция сәуір
айының көрсеткіші бойынша жарты пайыздан сәл ғана артты - 0,6%. Ұлттық банк жыл
бойында осы көрсеткіш 6-8 пайыздық дәлізден аспайды деп болжайды. Қаржы ұйымының
жетекшісі, бұған қоса, әлемдегі мұнай құнының құбылуы Қазақстан экономикасына
әсер етпейді деп сендірді. Келімбетов отандық банк жүйесін бағалай келе, екінші
деңгейлік банктер несиелерінің 3/1-ін жою керек деп есептейтінін айтты.
Бұл
мәселенің шешілуіне Ұлттық банк 2 жыл уақыт беріп отыр. Қайтарылмай отырған
несиесінің 10%-ын кешіруге әзір банктер жұмысын әрі қарай жалғастыра
бермек, ал келіспейтін қаржы институттары лицензиядан айырылмақ. Қайрат
Келімбетовтің пікірінше, отандық 38 банкті 3 жікке бөлуге болады:
жүйе құрушы, ортанқол және шағын банктер.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Кеден одағына мүше
елдер банктерінің жалпы активінің 5 пайызы қазақстандық банктерге тиесілі. Ресейлік ірі 20 банктің
активтері жеке басқа шаққанда 61 миллиард долларды құрайды. «Сбербанктің»
әлеуеті 600 миллиард доллар. Ал қазақстандық ірі банктер бестігінің активі 11
миллиардтан аспайды. Сондықтан біз бәсекеге қабілеттілік жайында сөз қозғағанда,
біздің банктер Кеден одағы елдерінің еншілес банктеріне ғана бәсеке болатынын
ескеруіміз керек. Мен әлемдік ірі қаржы ұйымдарының филиалдары туралы тіпті
айтқым келмейді. Ең басты мақсат - банк жүйесін орнықтырап алуымыз керек. Шағын
банктер біз де бәсекеге қатысамыз, сіздер қысым көрсетіп отырсыздар дейді, олай
емес. Біз ол банктерді жабамыз деп отырған жоқпыз, олар да жұмыс істейді, бірақ
өз деңгейінде.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ