Русский Сайттың толық нұсқасы

Журналистер Астанадағы ЕС-145 тікұшақтарын құрастыратын зауыт жұмысымен танысты

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2014
  • 1039

Еліміздің Қоршаған орта және су ресурстары мен Денсаулық сақтау министрліктері тікұшақтармен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» басшылығы мәлімдеді. Сондай-ақ, бүгін кәсіпорын өкілдері «KADEX-2014» қару-жарақ пен әскери техника көрмесі қарсаңында журналистерді ЕС-145 тікұшақтарын құрастыратын зауыт жұмысымен таныстырды. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады.

Астана қаласындағы әуежай маңында бой көтерген зауыттың жалпы аумағы 20 гектар. ТМД аумағында ЕС-145 тікұшағын жинайтын жалғыз өндіріс орны осы. Бүгінде кәсіпорында тікұшақ құрастырумен қатар әуе мамандарын оқыту ісі қолға алынған. Мәселен, мұнда әлемдегі алғашқы жазғы және техникалық құрамды оқытатын академия қызмет етеді. Ол авиациялық қауіпсіздік пен бірыңғай авиациялық міндеттерге сәйкес ұшқыштарды ағылшын және орыс тілдерінде оқытатын бірегей оқу орны.

Мұхаметқали Қазанбаев, «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» зауыты қауіпсіздік бөлімінің бастығы:

Осы үш жылдың ішінде 20 тікұшақ шығарсақ, оған қырық пилот дайындадық. Бірінші пилоттар Германияда оқуын өтті, 2012 жылдан бастап теория мен практика, ұшу түгелі осында. Осы Қазақстанда өтуде. 49 механик пен авиониктер дайындап шығардық. 

Жалпы зауыт ашылғаннан бері үш жылдың ішінде 20 бірлік ЕС-145 маркалы тікұшақ шығарылған. Оның он төрті Төтенше жағдайлар министрлігіне арналса, алтауы қорғаныс саласының қажеттілігіне берілген.

Айта кетерлігі, Еурокоптер концернінің бұл тікұшағы жақында отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруде самғады.

Тікұшақтың басты ерешелігі - үнемділігі. Ол бар болғаны сағатына 200 литр жанармай жұмсайды. Ұшқыштардың айтуынша, бұл өте аз. Тағы бір ерекшелігі - мұнда екі экипаж мүшесінен басқа сегіз арнайы сарбаз орналаса алады.

Бұл техниканың қауіпсіздігі өте жоғары дейді ұшқыштар. Нұсқаушы-ұшқыш Викторас Матюшиностың айтуынша, ол дәл осы көлікпен 2009 жылдан бері ұшып жүрген көрінеді.

«Осы уақыт аралығында ешбір апатты жағдай болған емес», - дейді.

Викторас Матюшинос, нұсқаушы-ұшқыш:

Бұл өте қауіпсіз техника. Себебі екі қозғалтқышы бар. Ол тіпті жалғыз-ақ қозғалтқышпен ұша алады. Сондықтан қауіпсіз екендігіне екі есе кепілдік бар деген сөз. Оқу-жаттығу кездерінде мен ештеңеге алаңдамаймын.

Мамандардың айтуынша, зауытта тікұшақтарды құрастыру жұмысының көлемі артып келеді. Болашақта кәсіпорын динамикалық жүйелерді құрастырып, радионавигациялы құрал-жабдықтарды орнатуды да жоспарлауда. Ал 2020 жылға қарай компания қазақстандық үлесті 30%-ға дейін жеткізбек.

Жұрағат БАМАН