Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы 79 су қоймасы ауданнан облыс меншігіне тапсырылады

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2014
  • 1197

Қарағанды облысында қараусыз қалған су қоймалары мен бөгеттерді мемлекет иелігіне тапсыру үрдісі белең алуда. Олардың көбі бүгінде апатты жағдайда тұрғандықтан, шұғыл түрде қалыпқа келтіру жұмыстарын қажет етуде. Бұл туралы Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Шагурашид Мамалинов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста қараусыз қалған су қоймаларының саны жүзден асады. Бүгінде мамандар оларды зерттеп, әр бөгетке техникалық құжат әзірлеуде. Олар мұндай әрекетке Көкпекті кентінде орын алған төтенше жағдайдан соң барып отыр.

Еске салайық, аталмыш елді мекенде осы жылдың наурыз айында апатты бөгеттің қопарылуынан 5 адам қаза тапқан болатын. Сондықтан, облыс әкімдігі су қоймалары мен бөгеттерді коммуналдық меншікке тапсыруды жеделдетіп отыр. Бүгінде 7 гидротехникалық құрылыс әлі де жеке меншік иелігінде қалуда. Олардың қатарында Көкпекті бөгеті де бар. Ол «Шаңырақ» компаниясының иелігінде. Бөгеттен бас тартқысы келмейтін компания қалпына келтіру жұмыстарын қашан бастайтыны да белгісіз.

Шагурашид Мамалинов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:

Бүгінде 102 бөгет мемлекеттік иелікке беріледі. Комиссия апатты деп танылған бөгеттерді 2020 жылға күрделі жөндеуден өткіземіз.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА