6 жылға дейін бас бостандығынан
айырылсын! Ақтау қылмыстық істер соты «Каспиан Электроникс» ЖШС-гі директорының
орынбасары Александр Павленкоға осындай шешім шығарды.
Сот кінәлі деп табылған азамат жазасын
жалпы режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, оның бар мүлкі тәркіленетін
болады. «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының
орынбасары Ерғали Қаюпов та қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жылға
темір торға тоғытылды. Алайда, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шыққан амнистия
туралы заңға сәйкес ол жазадан құтылып шықты.
Еске сала кетейік, өткен жылдың
соңында қаржы полициясының қызметкерлері планшет шығарумен айналысатын зауыт
басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Іс өзгенің мүлкін жұмсау
және алаяқтық баптары негізінде тергелді. Алғашқысы бойынша «Каспий»
корпорациясына жарғылық капитал негізінде түскен 200 млн теңге мен бұл зауытқа
«JX Company» кәсіпорнына қондырғы ретінде түскен 600 млн теңге. Қарсы тарап
фирманың бұл істерін заңсыз деп есептеп, айып таққан еді. Артынша қаржы
полициясы тексеріс жұмыстарын жүргізіп, қондырғының шынайы бағасы - небары 20
млн теңге екенін тапты.
Демек, зауытты ашудың түкпі мәні - 580
млн теңгені жымқыру, деп есептейді шеңді қызметкерлер. Ал өндіріс ошағының өзінде бір де бір планшет құрастырылмапты. Есесіне, зауыт жұмысшылары
планшеттерді сырттан сатып алып, тұтынушыларға өз атынан ұсынып отырған.
Соттың баспасөз қызметі: «Александр Павленко мен
Ерғали Қаюпов қылмыстық іске бармағаны үшін босатылды», - деп мәлімдейді. Дегенмен, олар жүргізілген экспертиза үшін 274 мың теңге
төлеуі тиіс. Бұл іске нүкте қою әлі ерте. Тараптар сот шешімімен келіспей, 15
күннің ішінде аппеляциялық сотқа шағым жазуы мүмкін.