Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда шахта жарылысынан 201 кенші мерт болды

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2014
  • 1238

Түркияда шахта жарылысынан 201 кенші  мерт болды.  Оқыс оқиға Маниса провинциясы Сома қаласының маңындағы көмір кенішінде орын алды. Қазіргі таңда құрбан болғандардың нақты саны әлі де белгісіз. Аман қалғандар туралы да еш ақпар жоқ. 

Түркия қара жамылды. Кешегі таң сәреде орын алған қайғылы жағдайдан кейін елде қаралы күн жарияланды. Алайда құтқару операциясы әлі де толассыз жалғасып жатыр. Туыс-туғандарының  тағдырына алаңдаған мыңдаған адам шахта мен аурухана маңында.

Біз жер бетіне жақын кеніште жұмыс істедік. Ол жерден бәрі көрініп тұратын. Енді бізге тек күту ғана қалды. Біз әлі де күтудеміз.

Менің екі туысым қалды шахтада. Осы жерде тұрғанымызға біраз уақыт болды, бізге ешкім ешқандай ақпарат бермеуде.

Менімен қызмет еткен жұмысшылар қазір бақилық болды. Бұнда адам өмірінің түкке тұрмайды.
Бұл жерде екі немере ағам бар. Оның біреуі мерт болды. Екіншісі туралы хабар жоқ.

Соңғы мәліметке сүйенсек, кеніштегі жарылысқа  электр желілерінің тұйықталуы себеп болған. Апат болған жерде лифттер мен желдеткіш жүйелері істен шығып, шахта іші улы газға толып кеткен. Салдарынан құрбандардың көбі көмір қышқыл газдан уланып, мерт болған.

Танер Йылдыз, Түркияның энергетика министрі:

Алғашқы құтқару операциясы кезінде көбі кеніштен өз күштерімен шықты.  Қазіргі таңда 80 кенші ауруханаға жатқызылды. Төртеуі ауыр халде жатыр.

Ал әлеуметтік желілерде шахтаның Стамбулдағы кеңсесі алдында наразылық шарасын өткізу туралы арандатушылықтар көптеп тарауда. Осы ретте ел премьері Тайып Ердоған Албанияға жоспарланған іссапарын кейінге қалдырып, апат орнына бет бұрды.

Тайып Ердоған, Түркия премьер-министрі:

Жарақат алғандардың барлығы тез арада тәуір болып кетуін тілеймін. Жер астында қалып қойғандар әлі де бар. Шахтадағы бауырларымызды құтқаруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жақын арада жағымды жаңалық естуге үміттенемін.

Ақпар бойынша, 2 шақырым тереңдіктегі жер астында 787 адам болған. Олардың 367-сі кеніштен өз күштерімен шыққан. Алайда жер астында қамалып қалған адамдар әлі де бар. Құтқарушылар апат орнына жетуге тырысып жатыр.

Жұрағат БАМАН