Русский Сайттың толық нұсқасы

Арменияның ЕЭО қосылуына қатысты келiсiм жобасы 1 маусымда қабылданады

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2014
  • 1190

Армения Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу жөніндегі келiсiм жобасын 1 маусымға дейін аяқтауы тиіс. Мұнан соң құжат кеден одағына мүше елдер басшыларының қарауына беріледі. Бұл жөнінде «Еуразиялық интеграция: Кедендiк одақтан - экономикалық одаққа» тақырыбындағы телекөпірде айтылды. Арменияның Кедендiк одаққа кiру туралы өтiнiшінен соң арнайы жұмыс тобы құрылған. Топтың белсенді жұмысы арқасында тиісті жол картасы жылдам дайындалды.

Арам Сафарян, «Интеграция және даму» ҮЕҰ директоры, Армения:

Еуразия кеңістігінде басты назар қауіпсіздікке аударылуы тиіс деп есептеймін. Маңыздылығы бір де кем түспейтін тағы бір мәселе бар. Бұл - саяси немесе бизнес элитаның ғана жобасы болып тар шеңберде қалып қоймауы керек. Одаққа мүше елдердің міндеті - жобаны жалпы қоғамның қамын күйттейтін пайдалы әрі тиімді ортақ ұйымға айналдыру.


Еуразия экономикалық одағын құру туралы құжатқа 29 мамырда Астанада қол қойылмақ. Астана-Мәскеу-Минск-Ереван арасында өткен теле көпiр барысында Еуразия экономикалық одағы келiсiміне сай үш ел басшылары қойған мiндеттер шешiмін тауып жатқаны айтылды. Осы ретте Еуразия экономикалық комиссиясы интеграция департаментiнің өкілі Антон Азаров бірқатар жәйттерге тоқтала кетті. Айтуынша, келiсiм-шартқа қол қойылған соң да, талқыланатын көптеген мәселе бар. Ол мұнай, газ, дәрiлiк препараттар сынды сезімтал тауарларды тасымалдауға қатысты.

Телекөпірде Қазақстан тарапынан сөз алған Мәжiлiс депутаты Айгүл Соловьева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы жиырма жылдан соң жүзеге асып отырғанын тағы бір еске салды. "Кедендiк одақ құрылғалы бергі тауар айналымы 3,5 есеге артса, ортақ инвестиция 5 есе өскен. Бір сөзбен айтқанда Еуразия экономикалық одағы бизнес үшiн пайдалы болары сөзсіз", - дедi депутат.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА