Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудың спорт саласы өкілдері екі айдан бері жалақысыз отыр

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2014
  • 1083

Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы қызметкерлері сәуір айынан бері жалақы ала алмай отыр. Басқармаға қарасты кейбір спорттық мекемелердегі жағдай да осындай. Бұл жөнінде арнамызға аталған мекеме басшысының орынбасары Гүлжанат Қаленова айтты.

Осылайша, мамырға жоспарланған республикалық, халықаралық жарыстарға жолдама алған спортшылардың да жолы бөгелуде. Спорт басқармасынан рұқсат алуы тиіс жаттықтырушылар құжатына қол қойғыза алмай жүр. Салық төленбегендіктен мекеменің есепшоты да жабылған. Басқарма басшысы Асан Раушановты облыстық тәртіптік кеңес кадр мәселесіндегі қателіктері үшін қызметінен босату туралы ұсыныс білдірген. Ол қазір денсаулығына байланысты демалыста жүр.

Ал басқарманың 1500-ге жуық қызметкері жапа шегуде. Мемлекеттік қызметкерлер «қысымға ұшыраймыз» деген қорқыныштан сұхбат беруден бас тартуда. Ал басшының орынбасары бұл жағдайдың қашан шешілетінінен хабарсыз.

Гүлжанат Қаленова, Атырау облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Басшының жоқтығы, қайда, не себепті екенін облыс әкімі аппаратынан білулеріңізге болады, сонымен қатар тәртіптік кеңестен алуларыңызға болады. Май айында өтетін көптеген спорттық әлемдік, республикалық додаларға қатысатын спортшылар осы жерге келіп жүрген болатын. Басқармаға қарасты мектептен спортшылар кеткенмен де, олардың жаттықтырушыларына рұхсатты басқарма береді.

Базаргүл ІЗІМОВА