Русский Сайттың толық нұсқасы

Былтыр күшті жел мен дауылдан 35 төтенше жағдай болып, 1338 ғимараттың шатыры қираған

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2014
  • 1440

Жел тұрса, қалпақтай ұшатын шатырлар адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Материалдық шығын да шаш етектен. Әсіресе жаңа құрылыс нысандарының сапасы сын көтермейді. Мұны Мәжілістегі Үкімет сағатына келген Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлімдеді. "Бас құтқарушы" соңғы уақытта қатты желден ғимараттардың төбесі ұшуы жиі ұшырасатынына наразы. Бір қызығы, жиын cоңында мәжілісмендер министрге "батыр" атағын бере жаздады. Бірақ Божко бас тартты. Мөлдір Бақытқызы тарқатады. 

Былтыр күшті жел мен дауылдан 35 төтенше жағдай болып 1338 ғимараттың шатыры қираған. Оларды қалпына келтіруге қазынадан 3 млрд теңге бөлінді. Әсіресе соңғы жеті жылда салынған су жаңа нысандардың шатыры жел тұрса, қаңбақша ұша жөнеледі. Осы мәліметті естіген депутаттар Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметінің функциясын төтеншеліктерге тапсыруды ұсынды.

Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Может действительно передать эти госорганы в систему МЧС.

Владимир Божко,  ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі:

Мен басқа бір ұйымның міндетін тартып алғым келмейді. Әрқайсысы өз мәселесін өзі шешуі керек. Сол үшін жалақы алып отыр.

Қазақстанда 7 мың елді мекеннің 4 пайызға жетер жетпесі ғана арнайы өрт сөндіру орталығымен қамтылған. Шалғай ауылдарда күн шыжыған тұста отқа оранатын алқаптардың қара күлге айналатынына көзіміз үйреніп кеткен. Қырда тілсіз жауды ауыздықтайтын жасақ жоқ. Жуырда "Азаматтық қорғау" туралы заң күшіне енді. Енді еріктілерді ұйымдастыру қолға алынбақ. Министр өрт сөндіруге атсалысқандар әлеуметтік жағынан қорғалады деп сендіруде. Ал Алматының қан базарында жиілеп кеткен өртке пайдаға құныққан саудагерлер кінәлі дейді.

Владимир Божко,  ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі:

Базарда көп жағдайда қалай болса солай дәнекерлеу жұмыстарын жүргізеді. Сауда орындары қожайындары құнығып, дүңгіршектерді қаптатып тастаған. Өрт сөндіру көлігіне орын да қалдырмайды.

Депутаттар бірінен соң бірі Қызылағаш пен Көкпектідегі ахуалды Божконың бетіне басты. Бюджеті 100 миллиардтан асып жығылатын министрлік апатты алдын ала болжайтын күнге қашан жетеді деп шымшып өткендер де болды. Ең соңында тіпті "министрге "батыр" атағын берейік" деп кекесін танытқандар да кездесті.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Если верить вашим докладам, вам надо присвоить "Героя"."

Владимир Божко,  ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі:

На героя я не претендую, извините. 

Жалпы жыл басынан бері төтенше жағдайда қаза болғандар өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға, зардап шеккендер 7,1 пайызға азайған. Министрдің есебінде шынымен көп көрсеткіштердің оңалғаны байқалады. Сондай-ақ халықты құлақтандыратын СМС хабарлар да күндіз-түні үзбей келіп тұратыны айтылды. "Бәз-біреулер ұйқымды бұзды деп ашу шақырғанмен, мұны тоқтатпаймыз. СМС-тің кейін бір пайдасы тигенде өздері-ақ алғыс айтады", - дейді "Бас құтқарушы".

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ