Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекулік «Ертіс» ФК басшыларына қастандық жасалды

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2014
  • 1706

Керекулік «Ертіс» ФК басшыларына қастандық жасалды. Клуб директоры Хәлімжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовты кеше кешкісін белгісіз біреулер соққыға жыққан. Екеуі де басынан жарақат алды. Қазір ауруханада жатқан Болат Ысқақовтың жағдайын дәрігерлер «өте ауыр» деп бағалап отыр. Ал клуб директоры емханаға жатудан бас тартқан. Оқиғаға қатысты ішкі істер департаменті нақты ақпарат бергісі жоқ. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады. 

Бір кеште екі бірдей адамның өміріне қауіп төндірген жағдай мына үйдің кіреберісінде болған. Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесіндегі нөмірі 6-үйдің тұрғындары естерін әлі жия алмай жүр. Айтуларынша, мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмеген.

Василий Душутин:

Мен бұл жерде 40 жыл тұрамын. Осы уақытқа дейін мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Енді өз өміріміз үшін қорқатын болдық. Шындығына келгенде, біздің подъезд осы үйдегі ең тынышы еді.

Хәлімжан Ержанов пен Болат Ысқақов Павлодарға осы жылдын ақпан айында келген. Бұның алдында екеуінің нақты қай клубта басшылық жасағанын баспасөз хатшысы да айта алмады. Белгілісі қос азамат бір пәтерді жалдап тұрған.

Мұхит Омаров,  «Ертіс» ФК баспасөз аташесі:

Жалдамалы пәтерінде, Торайғыров көшесі 6, тоғызыншы қабатта тұрып жатқан. Соған көтерілгенде, жанағы тосып тұрған есік алдында, сол жерде таяқ астына алған.  

Қазір техникалық директор Болат Ысқақов жан сақтау бөлімінде жатыр. Алған жарақаты ауыр болғандықтан, оған шұғыл ота жасалған. Дәрігерлер есін әлі жимағанын, арнайы аппаратпен тыныс алып жатқанын айтты.

Олег Гарбузенко, Павлодар қалалық №1 ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Ауыр зақым келген. Ми жарақаты әрдайым қиын болады. Емнің қандай нәтиже берері де әрқилы. Сондықтан тек күту керек. Біз қолдан келгенді жасадық.

Спорт клубы басшылары тап болған оқиға бұзақылықтың нәтижесі ме, әлде олардың қызметіне қатысты ма, ол туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, «Ертіс» футбол клубының халі соңғы кезде мәз емес. Өткен маусымды команда сәтсіз аяқтады. Спортшылар жарты жылға жуық жалақы алмады. Қарыздың өтелмеуі команданы Қазақстан чемпионаты жүлдесінен ғана емес, Еуро кубок ойындарына қатысу бақытынан айырды. Клубта орын алған келеңсіздіктің соңы басшылық құрамды ауыстырумен тынды.

Жергілікті тәртіп сақшылары болған жайтке қатысты камераға қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал облыстық ішкі істер департаментінің берген ақпарты келте болды. Ресми жіберілген жазбаша хабарламада: "Дене жарақатына әкелген оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ