Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда жол ақысының қымбаттауына байланысты тағы дау туды

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2014
  • 1089

Қарағандыда жол ақысының қымбаттауына байланысты тағы дау туды. Облыстық монополияға қарсы инспекция қала билігінің бұл шешімінен «бәсекеге қарсы әрекетті» таныған, бірақ іс сотта қаралып жатқандықтан, тарифке әсер ете алмай отыр. Қадағалаушы органға жол ақы тарифінің 80 теңгеге дейін қымбаттауының дұрыс-бұрыстығын анықтауды «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы өтінген.

Қалада бірыңғай тарифке бір мезгілде 10 бірдей жолаушы тасымалдау компаниясы көшкені мәлім. Құқық қорғаушылардың ойынша, бұл - күмән тудыратын жағдай. Өйткені тасымалдаушылардың жол шығындары әр түрлі. Соған қарамастан, қала әкімдігі тасымалдаушылар шешімін қолдап отыр. Монополияға қарсы инспекция тарифтің өсуінде заңсыз әрекетті анықтағанмен, істі аяғына дейін жеткізе алмай отыр. Өйткені тарифтің көтерілуі туралы мәселе ауданаралық экономикалық сотта қаралап жатыр. Енді қадағалаушы орган тексеру жұмыстарын сот үкімі шыққанша тоқтатып отыр.

Жаслан Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы:

Монополияға қарсы инспекция қала әкімдігінің аппараты жолаушылар тасымалдау тарифіне қатысты мәселеде бәсекеге қарсы әрекетке жол бергенін анықтады. Менің түсінуімше, бұл жерде заң бұзылған. Өйткені мұны мемлекеттік орган анықтап отыр. Сондықтан тарифті сол қалпында қалдыру керек.

Айта кету керек, Қарағандыдағы тариф мәселесі ақпан айында туындады. Тұтынушылар құқығын қорғаушылар жол ақысының қымбаттауына дауыс берген қалалық мәслихат депутаттарын да жауапқа тартқысы келген. Бірақ одан түк шықпайтын сияқты. Бұл іске жауапкер ретінде тек Қарағанды әкімінің аппараты тартылған. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА