Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс қазақстандық жас өнерпаздар өздерінің инновациялық тың жобаларын ортаға салды

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2014
  • 2829

Шығыс қазақстандық жас өнерпаздар өздерінің инновациялық тың жобаларын ортаға салды. Ақпараттық технология, медицина, экология, роботтық техника саласындағы жаңалықтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Заманауи сұранысқа сай деп танылған жұмыстарды ғалымдар мен сала мамандары таразылап, үздіктерін анықтап берді. Осымен 15-ші мәрте өткізіліп отырған игі шараға Қанат Оралбек қатысып қайтқан еді.

Мектеп қабырғасында жүрген балалардың ғылымға деген талпынысы жоғары. Облыстық білім басқармасының дерегі осыған саяды. Ағартуға жауапты басқарманың ұйымдастыруымен өтетін, жас өнертапқыштардың биылғы байқауына облыс бойынша, 46 жоба ұсынылған. Оқушылардың басым бөлігі экология, медицина, энергетика саласына жаңалық енгізуді көздейді.

Қазақ киелі деп, үйін аластайтын аршаның өзі бұл көрмеден орын тапқан. Жоба авторының айтуынша, арша майының денсаулыққа пайдасы зор. Аллергиядан бастап, асқазан ауыруларына дейін ем. Жоба авторы сондай-ақ арша майын косманавтардың азығына биологиялық қоспа ретінде қосуды ұсынып отыр.

Көпті бей-жай қалдырмаған ғылыми жобалардың бірі, арша ағашының қасиетіне арналған. Арша - адамның иммунитетіне оң әсер етеді, дейді жоба авторы - Өскемен қаласындағы 38-ші мектеп-гимназиясының 10-шы сынып оқушысы Сара Амангелді. Ол таулы өңірлерде өсетін ағаштың емдік қасиетін зерттеуді осыдан 3 жыл бұрын қолға алған. Болашағын медицина саласымен байланыстырғысы келеді.

Сара Амангелді, жас өнертапқыш:

Біз Байқоңыр аумағында арша бағын өсіруді ұсынып отырмыз. Аршаның құрамында эфир майлары бар. Космонавтардың азығына қосса, жалпы адам азығына биологиялық қоспа түрінде ендірсе, денсаулыққа дауа. Иммунитетті көтереді, асқазан аурулары мен аллергияның алдын алады.

Көрме аясында үздік деп танылған жобалардың бірі - электромагнитті ауа тазалағыш. Бұл құрылғы азон шығару арқылы ауадағы бактерияларды жоюға қауқарлы. Авторының айтуынша, кварцқа қарағанда, адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Сондықтан, ауруханалардағы кварцты тазалау жүйесін жаңа сүзгіге алмастыруға болады, - дейді жас өнертапқыш.

Әсел Жұқажанова, жас өнертапқыш:

Бұл құрылғы озон шығарады. Озон вирустарды, бактерияларды өлтіреді. Бұл құрылғыны ауруханаларда, мектептерде пайдалануға болады.

Өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары көрме аясында ұсынылған жаңа технологияларды өндіріске енгізуге тілек білдірді. Өзіндік құны арзан, өнімділігі жоғары болып табылатын үнемді бағдаршамдар мен қалдық суларды тазарту жүйелері де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Иван Хитцков, Көлік құрастыру зауытының жалпы мәселелер бойынша директоры:

2017 жылы Астанада EXPO байқауының тақырыбы жасыл экономика екенін ескерсек, жел энергиясы біз үшін таптырмас сала. Жастарымыздың осындай жаңалық ашып жатқандары тамаша. Мына жас жігіттің желмен энергия өндіру жобасын кәсіпорынымда қойып көруге болады. Бұл құрылғыны шатырға орнатса метріне 2 секунд жел тұрса жеткілікті.

Көрме соңында ғалымдар назарына іліккен болашағы бар жобалардың авторлары мақтау қағаздарымен марапатталды. Енді олар 24 мамырда өтетін Өскемен-EXPO-2014 байқауында бақ сынайды. Одан сүрінбеген жобалар Астана-EXPO-2017 көрмесіне ұсынылмақ.

Қанат ОРАЛБЕК