Қытайдың Шанхай қаласында Азиядағы
өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 4-ші саммиті өтті. Оған бірнеше мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйым
жетекшілері қатысты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі туралы
алғашқы бастама 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан
көтерілген болатын. Бүгінде форум Азия аумағының 90% қамтитын 26 мемлекетті
біріктіреді. Шанхайдан әріптесім Асан Қалиахмет хабарлайды.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім
шаралары кеңесінің әлемдік саяси аренадағы рөлі арта түсуде. Бұған Шанхайда
басталған ұйымның 4-ші Саммиті айқын дәлел. Бұл жиынға 11 мемлекеттің басшылары
қатысып, өңірлік қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрес мәселелерін талқылау
үстінде.
Айта
кетейік, бұған дейін ұйымның Саммиттері екі мәрте Алматы қаласында және бір рет Түркияда өткізілген болатын. Аспан асты елінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан 4-ші Саммит
жұмысына әлемдік БАҚ-ның 1 мыңнан астам журналистері қызығушылық танытып, оның
жұмысына қатысу үстінде. Биыл бұл ұйымға Қытай төраға болды. Бүгінгі Саммитке
төрағалық ету құқығы Түркиядан аспан асты еліне тапсырылды.
ҚХР-ның төрағасы Синь Цзиньпинь мырза
Саммиттің ашылуындағы сөзінде атап өткеніндей, Азиядағы қауіпсіздік мәселелері
тек құрлық тұрғындарының құзырында. Сондықтан, Азия халықтары қауіп-қатерге төтеп беру үшін күш біріктіру
қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара
іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесі мұндай ықпалдастық орнатуға таптырмас алаң
болып саналады.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Қазақстанға ҚХР-ның инвестициясы 10 миллиард долларға жететін болса,
қазіргі қол қойылған келіссөздер салынып біткен және салынатын біріккен өндіріс
мекемелері Қазақстан мен Қытай компаниялары арасындағы 20 миллиард долларды
құрайтын болды. Сондықтан, қол жеткізген біздің келіссөздер ҚХР мен елімізге
барлық жағынан пайдалы болып отыр.
Бүгін ұйым қатарына Катар мен
Бангладеш елдері қабылданды. Сөйтіп, оның
ауқымы кеңейе түсті. Айта кету керек, биыл ұйымның хатшылығы Алматыдан Астанаға
көшіріледі. Түркия мемлекетінің сыртқы істер министрі Ахмет Даутоглы атап
өткеніндей, бұл Елордамыздың Азия құрлығының саяси орталығына айналуына оң
мүмкіндіктер береді.
Өйткені, Азиядағы өзара іс-қимыл және
сенім шаралары Кеңесі осымен 26 мемлекетті біріктіреді. Ал бұл дегеніміз құрлық халқының 90%.
Асан ҚАЛИАХМЕТ