Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасы қолға алынды

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2014
  • 2080

Қазақстан тоғыз жолдың торабына айналады. Бүгінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасы қолға алынған. Еуразиялық интеграция аясындағы жоба әуе, құрлық және суда Батыс пен Шығыс арасындағы алып көпір ретінде еліміздің потенциалын пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл туралы бүгін Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Даниал Ахметов мәлімдеді. Маңызды жоба аясында Минск-Мәскеу-Астана-Алматы жүрдек темір жол желісі салынбақ. Қазіргі тас жолдар да жаңартылады. Нәтижесінде біздің аумақ арқылы Қытайдан Еуроодаққа жүк тасымалы 10 есеге артады. "Жобаға сай халықаралық дәлізді тұтынудан 1,5 миллиард доллар табыс түседі. 43 мың жаңа жұмыс орыны ашылады деп болжайды", - мамандар.

Бір айта кетері, Даниал Ахметов ортақ әуе кеңістігі құрылатынына сенімді. Ал бұдан бұрын "Еуразиялық экономикалық кеңістік" келісімшартынан дәл осы пункт алынып тасталған еді. Өйткені отандық азаматтық авиация ресейлік әуе компанияларына төтеп бере алмай, жұтылып кететіні сөз болған.

Даниал Ахметов, Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергертика және инфрақұрылым жөніндегі министрі:

Ешбір ел тар қапаста өзімен-өзі қала алмайды. Сондықтан біз осы бағдарламаны әзірледік. Оны қабылдау немесе қабылдаумауды тараптар шешеді. Бірақ басқа балама жоқ. "Ортақ Еуропа кеңістігі" барын білеміз. Біз де соған көшеміз. Бірден емес, сатылап. Иә, Қазақстан мен Белоруссияның авиациясы Ресеймен бәсекелесе алмайды. Демек, бәсекеге қабілетті орта жасауға тиіспіз.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ