Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда әскери қызметші қарияны өрттен құтқарды

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2014
  • 950

Оралда әскери қызметші қарияны өрттен құтқарып қалды. 14-мамыр күні түскі үзіліс кезінде үйіне бет алған Салауат Қабдықұлов көп қабатты үйлердің бірінен қара түтін будақтағанын байқап қалады. Үй тұрғындарының бірінен өртенген пәтердің ішінде адам қалғандығын естіген ол көмекке асығады. Жедел жоғарыға көтеріліп, жалын шарпыған пәтер ішінен ес-түссіз жатқан қарияны сыртқа алып шыққан. Өртенген үйді қызықтаған адамдар, олардың ішінде үй иесінің туыстары да бар, ешқайсысы жәрдем көрсетуге ұмтылмапты.

Кейін дәрігерлер түтіннен уланған қарияға тиісті ем-домын жасап, аман алып қалды. Ал БҚО Төтенше жағдайлар қызметі әскери қызметшіні марапаттап, төс белгіні табыс етті.

Салауат Қабдықұлов, ҚР Ұлттық гвардиясы «Батыс» аймақтық қолбасшылығының әскери полиция бөлімінің офицері:

Үйге кірген кезде қою түтіннен ештеме көрінбеді, бірақ есінен айрылған қарияны қарманып тауып, сыртқа алып шықтым. Мен бұл ісімді ерлік деп айта алмаймын. Өйткені, менің орнымда болған әрбір азамат осылай жасар еді. Біз әскери қызметші болғандықтан, елдің қорғанымыз, ал мұндай қиын жағдайда көмек көрсету - біздің басты міндетіміз.

Еркін ҚАРИН