Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәстүрлі ҰБТ биыл соңғы рет өтеді

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2016
  • 1620

Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл соңғы рет дәстүрлі түрде өтеді. Ендігі жылдан бастап ол толығымен өзгертілмек. Бұл жастардың ЖОО-на кедергісіз түсуі үшін жасалып отыр. Биылғы жылғы да тестілеу өзгеше болмақ. Осы жылы қанша мемлекеттік грант бөлінді, қаншама оқушы тестілеуден бас тартты? Берік Хасеновтың материалында.

Берік Хасенов, тілші:

Санаулы аптадан кейін мектеппен қоштасатын түлектер үшін сын сағаты басталады. Оқушыларды 11 жыл еңбегіне баға беретін 3 жарым сағаттық тестілеу күтіп тұр. Белгілі болғандай, биыл ол маусымның 2-сі мен 15-і аралығында өтпек.

Сонымен сандарды сөйлетейік. Ағымдағы жылы мектеп бітірушілер саны 121 092, оның ішінде 83 330  қазақ тілінде, 37 762 орыс тілінде оқығандар. Оның 86 991-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Олардың ішінде 63 021 қазақ тілінде, 23 970 орыс тілінде білім алғандар. ҰБТ 166 арнайы жабдықталған пункттерде өтеді. Оның 116-сы аудан, 50-і облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларының жоғарғы оқу орындарында орналасқан. Тестілеу әділ өту үшін қауіпсіздік шаралары осы жылы да қатаңдатылған.

Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы:

Объективті-айқын өткізу жағдайды жасау мақсатында дәстүрлі түрде барлық жерде 1399 ұялы телефон дыбыс басатын құралдар, 438 металл іздегіш, 275 бейнетіркеуіш және 2250 бейнебақылау камерасын қою жоспарлануда.

Тестілеуде бағын сынап, бәйгеде үздік болып шыққан түлектерге мемлекет тарапыпан тегін 31 700 грант бөлініпті. Бірақ нақты қай мамандықтар бойынша бөлінгені әзірге белгісіз. Ұлттық біріңғай тестілеуде межелі балл ала алмай қалған талапкерлер енді бір жыл күтпей, тамыздың 19 мен 24 аралығында қайта тест тапсыра алады. Ақысы 2242 теңге. Бірақ оны өткен түлектер грантқа ие бола алмайды.

Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы:

Биылғы жылы шекті 50 балл жинай алмаған бітірушілер үшін 2016 жылы тамыз айында кешенді тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ ол мектеп бітірушілерге тек ақылы ЖОО-на түсуге мүмкіншілік береді.

Тіпті кешенді тестілеуді қайта тапсыра алмай қалған түлектер үшін жоғарғы білім алу мүмкіндігі жоғалмайды.

Серік Өмірбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  департамент директоры:

Қайталап кешенді тест тапсырып, өте алмай қалған талапкерлер «шартты түрде» ЖОО-ға ақылы түрде алынады. Бірінші семестр жалпы білім алады және ЖОО оларға қосымша 4 пән бойынша оқытады. Ал екінші семестр басталғанда қаңтар айында, олар тест тапсырады. Сол тесттен өткендер бірден бірінші курс сапына өтеді. Осылайша олар өз уақыттарын жіберіп алмайтын болады.

Білім министрлігінің деректері бойынша, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу соңғы рет дәстүрлі түрде өтеді. Келесі жылдан бастап, білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҰБТ жетілдіріледі және трансформацияланады. Ол кезде мектеп бітірушілер екі сынақ тапсырады.

Берік Хасенов, тілші:

Біріншісі емтихан - ол аттестат алу үшін. Яғни бұрынғыдай ҰБТ-да бір балл жетпей қалып, алтын белгіден ешкім айырылып қалмайды. Болашақта Ұлттық бірыңғай тестілеу тек жоғарғы оқу орнына түсу үшін ғана міндетті болады. Оның жай-жапсары тамыз конференциясында жарияланбақ.

Берік ХАСЕНОВ