Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2014
  • 1132

Қарағанды қаласының жұртшылығы «Мерейлі отбасы» байқауын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ақтық сында кеншілер отбасынан құрылған ұжымдар өз ара сынға түсіп, жүлдегерлерді анықтады. Жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Байқауға келген отбасылардың барлығы жеңіске лайықты.

Үміткерлер ән салып, би биледі. Бейнелеу өнерінен де бір-біріне дес бермеді. Дегенмен, байқау көрсеткендей, қатысушылар көпшілікті достыққа, махаббат пен шаттыққа үндеді. Мәдени шараға жастармен бірігіп, қарттар да қатысты.

Жиналғандар алдына шыққан Пастуховтар жанұясы көпшілікті таңдай қақтырды. Ерлі-зайыптылар міне 70 жылға жуық тату-тәтті өмір кешуде. Жастар да қалыспады. Енді біреулері дәл осы күнге орай көпшілік алдында некелерін қиды. Облыстық деңгейде өткен байқаудың жеңімпазы көп кешікпей анықталды. Ол - Сәпиевтер отбасы. Құрметті кенші атағы бар Жұмағали Дәуітұлы мен оның жұбайы Ирина Фоминична төрт баланы бағып өсірді. Олардың арасында бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев бар. Серік те әлдеқашан отбасын құрған. Жанжары Мөлдір екеуі екі баланы тәрбиелеп отыр. Жақында Серіктің отбасы тағы бір сәбимен толығады.

Серік Сәпиев, байқау жеңімпазы:

Біздің жанұямыз өте ұйымшыл. Олар мені әрдайым қолдап отырады. Мені спорттың биік шыңына көтерген отбасым деп есептеймін.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:

Жанұя, балалар мен дәстүріміз біздің қоғамның сүйеуі деп есептеймін. Бақытты отбасы - бақытты мемлекет.

Мәдениет сарайының ішінен үздік отбасылардың тамыры жазылған тақта орнатылды. Қолжазбасы бар тақта мұражайға қойылады. Мерекелік шара соңына қарай байқауға қатысушылар шарлардың сыртына тілектерін жазып, аспанға ұшырды.

Самат ҚАНАҒАТОВ