Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде шағын "ЕХРО-2014" көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2014
  • 1109

Өскеменде шағын "ЕХРО-2014" көрмесі өтті. Көрмеге Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев қатысты. Сондай-ақ әлемнің 12 елінен кәсіпкерлер мен ғалымдар, дипломатиялық миссиялар өкілдері келді. Шетелдік қонақтар кенді Алтайдың тың жобалардан кенде емес екеніне куә болды.

Көрмеге өңірдегі ең үздік деп танылған 86 жоба қойылды. Сонымен қатар Қарағанды қаласынан - 9 жоба, Астанадан - 8, Алматы қаласынан - 7, Санкт-Петербургтан 1 жоба ұсынылды. Меймандар Шығыста салына бастаған су электр стансаларының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты. Айта кетейік, еліміздегі жалпы су қорының 60 пайызы Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған. Сондықтан табиғи байлықты тиісінше пайдалана білу қажеттігін қолдап отыр.

Курт Вютрих, Нобель сыйлығының иегері:

Сіздер көп ұзамай мұнай мен газға тәуелді болмайсыздар. Оған көзім жетіп отыр. Себебі сіздерде су, жел, жер көп. Жел электрстанцияларын қоятын қолайлы орындар көп. Жаңа көрмеден күн энергиясы жобасын көрдім. Тамаша. Сіздердің туларыңызда көк аспан мен күн бейнеленген. Осының өзі сіздердің табиғи байлықты мейлінше қолдану керектіктеріңізді айтып тұрған жоқ па?!

Сондай-ақ сарапшылар назарына іліккен бірден-бір ғылыми-техникалық жаңалығы мол жоба, ол - «торилік энергетика» болды. Жоба авторы, физико-математика ғылымдарының докторы Сергей Плотниковтың айтуынша, «тори энергетикасы» қашанда қауіпсіз. "Егер Фокусима 1-де "тори реакторы" тұрса, ешқандай оқыс оқиға болмас еді", - дейді ол. "Уранның жер қойнауында 200 жылға жететін қоры қалса, Тори қоры одан бірнеше есеге артық. Сондықтан Тори энергиясын тұтыну арқылы біз ұрпаққа қауіпсіз болашақ сыйлай аламыз",- дейді ғалым.

Святослав Тимашев, Нобель сыйлығының иегері:

Мен көріп, көзім жетті. Сіздерде тамаша өнертапқыштар мен табиғи байлықты пайдалануға бағытталған жобалар бар екен. Егер оларды іске асырса, Қазақстанның жалпы әлем ғылымында айтарлықтай жаңалық ашылады.

Шығысқа ат басын бұрған меймандарды, өңірдің әсіресе табиғи байлығы мен әлеуеті тамсандырды. Сондықтан олар бірқатар инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесін қарастырып көретіндіктерін айтты.

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Дүние жүзінен келген қонақтар, ғалымдар, саясаткерлер біздің облыстың дамуына үлес қосады деп ойлаймыз. Сондай-ақ жобалардың Астанада өтетін көрмеге қатысуына ат салысады деген ойдамыз.

Көрме қорытындысы бойынша үш аталымда 21 жоба үздік танылды. Ғылым саласына жаңа леп әкелген жобалар Астанада өтетін "ЕХРО-2017" байқауына ұсынылады.

Қанат ОРАЛБЕК