Русский Сайттың толық нұсқасы

ЕЭО-қа мүше елдер мұнай өнімдері бағасын өздері белгілейді

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2014
  • 1340

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ел ішіндегі мұнай өнімдері бағасын өздері белгілейді. Бұл туралы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді. Министрдің сөзінше, бұл мәселе одаққа мүше елдердің ынтымақтастығын реттейтін құжаттарда айқындалып, жанар-жағар май құны елдің заңына сай бекітілетіні көрсетілген. "Алайда болашақта бұл тәртіп өзгереді", - деді Қарабалин. Одақтас елдердің мұнай өнімдеріне қатысты баға саясаты біркелкі болады. 

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Еуразиялық экономикалық одақ елдері мұнай өнімдерінің бағасын өздерінің заңына сүйеніп белгілейді. Алайда одақ біріңғай экономикалық алаң болғандықтан, уақыт өте келе, елдер баға тағайындауда бір ізділікке келеді. Ал әзірге 2025 жылға дейін елдердің баға саясаты тәуелсіз болып қала береді.

Еліміздегі бензин бағасының жақын арада өзгеруіне байланысты министр ешқандай нақты мәлімдеме жасамады. Қазіргі таңда отандық 3 мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Және ол жұмыстырға құйылған 1 млрд доллар инвестицияның ақталуы да мұнай өнімдеріне бекітілетін құнға тікелей байланысты. Демек қымбаттау ертелі-кеш болатыны анық.

Мұнай саласындағы келесі жаңалық қайта өңдеуге қатысты. 2030 жылға дейін отандық қайта өңдеу қуатын 14 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарда бар.

Маңызды жобалардың бірі - Шымкент мұнай өңдеу кешенін кеңейту. Өзгерістер сонымен қатар Қашаған қатарында да жүріп жатыр. Мұнай және газ министрінің хабарлауынша, NCOC компаниясының басшылығы жақын арада қайта жасақталады. Ал консорциумға қатысушы тараптардың келісімімен құрылатын жаңа оператор өз жұмысына қыркүйекте кіріседі.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ